Алматыда қалқанша безінің түйіндік түзілімдерін инновациялық әдіспен емдей бастады
Кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтында қалқанша безі түйіндерін емдеудің жаңа әдісі - радиожиілікті аблация енгізілуде, деп хабарлайды 7kun.kz .
Бүгін Астана қаласынан арнайы келген интервенциялық онкорадиолог Нияз Бейсенұлы Жамбыл облысының тұрғыны 43 жастағы ер адам мен түркістандық 47 жастағы әйел адамға аз инвазивті «ота» жасады. Әрқайсы 30 минутқа созылған процедураны екі пациент те жақсы өткереді. Екі науқастың да диагнозы - қалқанша безінің қатерсіз патологиясы саналатын уытты емес бір түйінді зоб.
«Бүгін Кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтында жаңа ота енгізіп жатырмыз.Астана қаласының Ұлттық ғылыми медициналық орталығының дәрігері, әріптесіміз Нияз Бейсенұлы екінші рет ота жасап жатыр. Мақсатымыз, алдымен науқастарға көмек көрсету. Екінші, Алматы, Қызылорда, Түркістан облысы сынды оңтүстік аймақ тұрғындарына Алматыда ем алуға мүмкіндік жасау. Қалқанша безінің қатерсіз түйіндерін радиожиілікті аблация арқылы емдеу бірегей, аз инвазивті әдіс. Яғни, хирургиялық жолмен емес емдеудің тәсілі. Жалпы әлемде жаңа операциялардың барлығы кіші инвазивті жолмен жасауға көшіп жатыр. Сондай операцияларды біз де инстиут та енгізіп жатырмыз. ҒЗИ болғаннан кейін Қазақстанде ең бірінші бізде енгізілуі керек. Ары қарай аймақтардың дәрігерлерін шақырып, үйрету, негізугі мақсатымыз. Мұндай «оталарды» осындай диазнозы бар пациенттер осы айдан бастап біздің институтта жасата алады. Айта кететін нәрсе, операциялар МӘМС арқылы тегін. Қазір білесіздер, елімізде МӘМС-ке өте көп көңіл бөлініп жатыр», - дейді ҒЗИ Басқарма төрағасы Марат Пашимов.
Осы уақытқа дейін Қазақстанда қалқанша безінің қатерсіз түйіндік ісіктерін хирургиялық жолмен алып тастау арқылы ғана емделіп келген. Жаңа әдістің арқасында мойында тіпті із де қалмайды.
«Бұл отаның ерекшелігі – кеспей жасалады. Жергілікті анастазия ғана беріледі. Радиожиілікті аблацияда электроток арқылы қыздырып, ісік тініне әсер етіледі. Нәтижесінде қалқанша без түйіндерінің патологиялық жасушалары жойылады, бездің сау тіндері зақымдалмайды. Бұл әдіс қалқанша безінің түйіндерін хирургиялық алып тастауға тамаша балама болып табылады. Бұл тәсілді дамыған елдерде 20 жылға жуық уақыттан бері қолданады. Біз бірінші рет 2021 жылы Астанада енгіздік. 2022 жылдан бастап толыққанды ота жасалады. Ақылы да, тегін де емделуге болады. Кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтының басшылығы оңтүстік аймақ тұрғындары үшін Алматы қаласында да жасалуы керек деп шешті. Бүгін 2 пациентке осы инвазивті «отаны» жасаймыз. Бұдан кейін Алматылық эндокринологтармен дөңгелек үстелөткіземіз. Оған 50-дей маман қатысуға ниетті. Бұл емдеу тәсілі Қазақстан тіпті Орталық Азия үшін жаңа. Жалпы әлемде уытты емес ісіктерді ота жасап алып тастамайды. Осындай жолмен емдеуге көшкен. Бұл әдістің артықшылығы - аз инвазивтілік және процедураның қысқа мерзімділігі, жақсы терапиялық әсер және асқынулар болмайды», - дейді Нияз Бейсенұлы.
КІАҒЗИ эндокринология кафедрасының меңгерушісі м.ғ.к., MD PhD Лаура Даньярованың айтуынша радиожиілікті аблацияны 3,0 см-ден асатын қалқанша безінің қатерсіз түйіндері, құрамында 70%-дан астам кисталық компонент, қатты және аралас қатты кисталық түйін түзілімдеріне жасауға болады. Процедура алдында биопсия мен цитологиялық зерттеу міндетті.
«Соңғы 10 жылда диагностиканың жаңа тәсілдері енгізілуде. Сондықтан қалқанша безі түйіндері бар адамдар көп сияқты көрінеді. Алайда олай емес, нағыз түйіндер 10% аспайды. Кейбір адамдарда 1 сантиметрге дейінгі түзілімдер болуы мүмкін. Олар әрқашан түйін болып шықпайды. Олар ешқандай белгі бермейді. 2-3 сантиметрге дейін коллоидтық саналатын түрлерінде қалқанша безі қалыпты жұмыс істеп тұрса, мұндай пациенттерді біз тек бақылаймыз. Ал жаңадан енгізіп жатқан емдеу тәсілі өте тиімді. Асқынулар жоқ. Хирургиялық жолмен алып тастауға балама. Операция арқылы емдеу қазір де бар. Бірақ, осындай аз инвазивті емдеу тәсілі де енгізілуде», дейді Лаура Даньярова.
Бүгін жаңа тәсілмен «ота» жасалған Ойдин Туреханова Түркістаннан келген. Қалқанша безінің түйіні 3 жыл бұрын пайда болып, хирургиялық жолмен алып тастауды ұсынған екен.
«Бірақ мен оны қаламадым. Өйткені наркоз жасалады, қалқанша безінің сау бөлігін де алып тастайды, деді. Жақында құрбымнан радиожиілікті аблация туралы естіп, келдім. Жаңа емдеу тәсілі жақсы деп естідім. Тәжірибелі маман Нияз Бейсенұлы "ота" жасады. Бүгінгі процедура көктемнің алғашқы күні, Алғыс айту күніне тура келді. Барлық Қазақстан халқына, осы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институты басшыларына, дәрігерлері, медбикелеріне шын жүректен алғысымды айтамын», дейді ем алушы.
ҒЗИ бұл бағытта мамандар дайындап, радиожиілікті аблация арқылы тұрақты түрде емдеуге кіріспек.
Ұқсас материалдар
Көп оқылғандар
Қазақстан мен ШҰАА арасындағы тауар айналымы 17,67 млрд долларға жетті
- 09 желтоқсан, 2024