
Елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Астана халықаралық форумы жұмысын бастады.
Әлемдік көшбасшыларды, сарапшыларды, инвесторлар мен бизнес өкілдерін біріктіретін аймақтағы ең ірі іскерлік іс-шара бағдарламасы бүгіннің негізгі сын-қатерлерін қамтыған пленарлық сессия мен 25 пікірталас алаңынан тұрады. Әлемнің түкпір-түкпірінен 600-ге жуық шетелдік қонақ қатыспақ. Олардың арасында жетекші саясаткерлер, халықаралық ұйым, корпорация басшылары, инвесторлар мен ғылыми топ өкілдері бар.
Жалпы, форумға 7 000-нан астам қатысушы тіркелген. Еуропа, Орталық Азия, Таяу Шығыс пен Африка елінен БҰҰ, ААҰ, ХКҰ және ДЗМҰ сияқты жетекші халықаралық ұйымдардың атынан 160-тан астам спикер қатысады. Екі күн бойы олар түрлі саланың сарапшыларымен бірлесіп, мемлекетаралық ынтымақтастық моделін, жаңа жаһандық әріптестік құрудың келешегін қарастырады.
Мәртебелі меймандар қатарында Руанда Республикасының Президенті Поль Кагамені, Албания Премьер-Министрі Эди Раманы, Хорватия Республикасының Премьер-Министрі Андрей Пленковичті, Қатар Премьер-Министрі – Сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тәниді атап өтуге болады.
Биыл AIF жаһандық күн тәртібіндегі негізгі үш бағытқа назар аударады:
– Сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік;
– Энергетика және климаттың өзгеруі;
– Экономика және қаржы.
– Астана халықаралық форумы 2025 инвестиция үшін жаһандық бәсекелестік дәуірінде өткізіліп, Қазақстанның әлемге ашықтығын көрсетеді. Біздің еліміз ірі әлемдік корпорациялар мен қаржы институттарының назарын аудара отырып, Орталық Азиядағы өз позициясын нығайта түспек. Ауқымды реформалар, заңнаманы жаңғырту мен инвестициялық ахуалды жақсарту елдің дамуына және оның экономикалық мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етеді.
Форумның міндеті – ашық диалог пен шетелдік капитал тартудың, стратегиялық келісімдер жасасу мен экономикалық дамуға арналған бастамаларды ілгерілету үшін маңызды платформа болу, – деп атап өтеді халықаралық іс-шараны ұйымдастыруға жауапты еліміздің Ұлттық экономика министрлігінен.