«Астана халықаралық форумын өткізуге 4,5 миллиард теңге жеткілікті» – Жұманғарин
Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин сенат брифингінде Астана экономикалық форумын өткізуге 4,5 миллиард теңге жұмсалатынын мәлімдеді.
Серік Жұманғариннің айтуынша, 4,5 миллиард теңгенің тек 1,4 миллиарды ел бюджетінен алынса, қалған сома демеушілер есебінен жұмсалады.
Журналистер ұйымдастырушылардың бюджет тапшылығы жағдайында бұл форумды өткізу идеясынан неге бас тартпағанын сұрады.
«Бұл форумның тарихы 2008 жылы басталды, 17 жыл болды. Ковид кезінде 2 жыл өткізілмеді, сосын 2024 жылы су тасқынына байланысты өткізілген жоқ. Бұл – Қазақстанның визиттік картасы. Мұндай форумдар Қазақстанға керек. Форум елімізге танымал, салмақты, белсенді адамдарды тартады. Әлем елдерінен президенттер, бизнесмендер келеді. Қазақстанды көрсетеміз, қаражат тартамыз. Неге өткізбеске, өткіземіз! Бірақ биыл үкіметтің қаулысымен қаражат жетпесе, бюджеттен аламыз. Маған берген тапсырма бойынша қаржыны демеушілер арқылы тарту керек. Мүмкіндік болса, бюджеттен қаражат алынбайды. Жалпы айтқанда, бізге форумды өткізуге 4,5 миллиард теңге жеткілікті», – деді Жұманғарин.
Айта кетерлігі, бұл қаражат бұрын бөлінгеннен төрт есе көп. 2023 жылы сол кездегі Премьер-Министрдің орынбасары Ерұлан Жамаубаев 1 млрд теңге жұмсалғанын айтқан болатын.
Еске сала кетсек, Астана халықаралық форумы 29-30 мамыр аралығында өтеді. Шара Астанадағы Астана Конгресс орталығында өтеді.