Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

«Ауыл аманаты»: өңірлерге жеңілдетілген несие беру қарқыны күшейтіледі

«Ауыл аманаты»: өңірлерге жеңілдетілген несие беру қарқыны күшейтіледі

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несие беруді жеделдетуді тапсырды.

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. Вице-премьер министрліктер, облыс әкімдіктері және «Amanat» партиясының қатысуымен өңірлік даму жөніндегі жоба кеңсесінің отырысын өткізді. Жиында «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысы және өткен жылғы ауыл әкімдерінің диалог-платформасы қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалуы талқыланды.

2025 жылдан бастап жоба жаңа қағидаттармен жүзеге асырылып жатыр. Қаржыландыру өңірлердің нақты қажеттіліктерін ескере отырып, артық бюрократиялық рәсімдерсіз бөлінеді. Негізгі басымдық кооперацияны дамыту мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге берілген.

Үкімет мәліметінше, 2025 жылы облыс әкімдіктеріне 50 млрд теңге бөлінсе, 2026 жылы жобаны жалғастыруға республикалық бюджеттен 100 млрд теңге қарастырылған. Оның шамамен 60 млрд теңгесі 600-ге жуық кооперативті қолдауға бағытталмақ.

Отырыста Ақмола облысының Ерейментау ауданында ет кластерін құру жобасына ерекше назар аударылды. Қанат Бозымбаев жобаның экономикалық және ұйымдастырушылық параметрлерін мемлекеттік қолдау тетіктерін ескере отырып, қосымша пысықтауды тапсырды.

Кеңес қорытындысы бойынша Ұлттық экономика министрлігіне әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметін қайта пішімдеу жөнінде ұсыныстар әзірлеу және «Ауыл кәсіпкерлігі инфрақұрылымы» бағытын өңірлік стандарттар жүйесіне енгізу жүктелді. Сондай-ақ «Даму» қоры» АҚ-мен бірлесіп, кепілдік беру тетіктерін әзірлеу және нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу тапсырылды.

Облыс әкімдіктеріне екі апта ішінде «Amanat Nesie» ақпараттық жүйесіне толық қосылып, ауыл тұрғындарына «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несиелер беруді ұйымдастыру міндеттелді.

Ұқсас материалдар