Қазір кәсіптің көзін ауылдан тапқандар көп. Бұрын екінші деңгейлі банктер кіріс көзінің аздығы, өз-өзін ақтамайды деген себеппен ауыл тұрғындарына несие беруден бас тартатын. Бүгінде керісінше назар ауылға ауды. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін ауылдық өңірлерге несие беретін мемлекеттік бағдарламалар да бар. Әрине, олардың көпшілігі ауылшаруашылығын дамыту үшін беріледі. Алайда ауыл халқына ауылшаруашылығынан бөлек бағыттарды дамытуы үшін берілетін несие бар. Оның шарты қандай? Ауыл тұрғыны қалай қол жеткізсе болады? Түсіндіреміз.
«Ауыл Шаруашылық Емес Бзнеске несие беру» бағдарламасы
Көп адамдар ауылдық жерлерге берілетін несиелер тек ауылшаруашылығына бағытталады деп қателесіп жатады. Қазақстанда «Ауылдық жерлердегі кәсіпкерлік қызметінің ауылшаруашылық емес түрлеріне несие беру» деп аталатын бағдарлама бар. Аталған бағдарлама ауылдық жерлердегі ауыл шаруашылығына жатпайтын кәсіп түрлерін қаржыландырады. Осы арқылы өңірлердегі кәсіпкерлерге өз ісін дамытуға мүмкіндік береді.
«АШЕБ несие беру» бағдарламасына қатысу үшін қарыз алушыға орналасқан немесе қызмет ететін жері бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өңірлік филиалына барып қаржыландыруға өтінім жазып, қажетті құжаттарды тапсыру керек.Несие комитеті құжаттарды қарап және шешім қабылдағаннан кейін, қарыз алушы сәйкес хабарландыру алады. Оң шешім қабылданған жағдайда ақшалай қаражаттар қарыз алушыға өзі жүгінген филиалда беріледі. Мүдделі әлеуетті қарыз алушылар ақпаратты Корпорацияның Орталық аппаратының кеңсесінде және барлық өңірлік филиалдарында қағаз және электрондық тасығыштарда ала алады. Несие мөлшері және өтеу мерзімі«АШЕБ несие беру» бағдарламасы бойынша несие алу сомасы 1 000 000 теңгеден басталады. Несие негізгі құралдарды сатып алуға және құрылыс-монтаждық жұмыстарға 1 0 жылға дейін, айналым қаражаттарын толықтыру үшін 24 айға дейін беріледі. Несие мөлшерлемесі 9,5%.
Несиені өтеу мерзімі келісімшартта көрсетілетін жағдай бойынша ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда бір рет немесе жылына бір рет болуы мүмкін. Сол сияқты сыйақының да өтемі ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда бір рет, жылына бір рет болады. Сондай-ақ, несие комитеті қызмет түріне және бизнес-жоспарға байланысты негізгі борышты мерзімінен бұрын ішінара,толық өтеу мүмкіндігімен өтеудің жеке кестесін белгілей алады. Өтей алмаған жағдайда 24 айға дейін жеңілдік кезеңі қарастырылған.
«АШЕБ несие беру» бағдарламасы туралы қосымша ақпаратты zalog @ agrocredit. kz электронды поштасы арқылы, сондай-ақ (7172) 559947, 559948, 559949 телефон нөмірлеріне қоңырау шалу арқылы білуге болады.
Бағдарламаға кімдер қатыса алады?
Бағдарламаның мақсатты тобына туризмді, мейманханалық бизнесті және жол бойындағы қызметті ұйымдастырумен, жеңіл және тамақ өнеркәсібінің өндірісімен; балық өнімдерін өсірумен және қайта өңдеумен, халыққа қызметтер көрсетумен; ауылдық сауда нүктелерін, қоғамдық тамақтану пунктерін ұйымдастырумен және кеңейтумен айналысатын шаруа қожалықтары, фермерлік қожалықтар және жеке кәсіпкерлер жатады және аталған тұлғалар «АШЕБ несие беру» бағдарламасы бойынша несие ала алады. Несие алушыларға қосымша мынадай талаптар қойылады:
- · өтінім берген кезде салықтар және бюджетке түсетін міндетті төлемдер бойынша борыштарының болмауы;
- өтінім берген кезде банк және кез келген қаржылық ұйым алдында мерзімі өткен қарызының болмауы;
- · жағымды несие тарихының болуы;
- · төлемге қабілетті болу.