Қазақстанда аквашаруашылық саласы қарқынды дамып, жаңа өндіріс орындары іске қосылмақ.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
Шымкент қаласында өткен AUYL FEST. Балық шаруашылығы халықаралық фестивалінде Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов саладағы негізгі көрсеткіштерді таныстырды.
60 млрд теңгелік инвестицияАквашаруашылық жобаларына тартылатын инвестиция көлемі 60 млрд теңгеге жетеді. Жаңа нысандар іске қосылғаннан кейін:
– жылына 30 мың тонна жем;
– 14 мың тонна балық өндірілмек.
Бұл агроөнеркәсіп кешенінің өндірістік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Өндіріс көлемі үш есеге жуық өсті2021 жылдан бері балық шаруашылығын дамыту бағдарламасының нәтижесінде:
– шаруашылықтар саны 700-ге жетті;
– өндіріс көлемі 9 мың тоннадан 26 мың тоннаға дейін артты.
Соңғы төрт жылда жалпы құны 26 млрд теңгені құрайтын 95 жоба іске асырылып, 1200-ге жуық жұмыс орны ашылған.
Мемлекеттік қолдау күшейтілдіСалада Аквашаруашылық туралы заң аясында бірқатар қолдау шаралары қарастырылған:
– жем шығындарының 30%-ы өтеледі;
– балық шабағы мен дәрілік заттарға 50% субсидия беріледі;
– инвестициялық шығындардың 25%-ы мемлекет есебінен жабылады.
Сонымен қатар ұңғыма бұрғылау шығындарының жартысы да өтеледі.
Жеңілдетілген несие бағдарламасы іске қосылады2024-2025 жылдары саладағы 10 кәсіпкерлік нысан 5,7 млрд теңге көлемінде несие алған.
Биыл жаңа қаржыландыру бағдарламасы іске қосылады:
– айналым қаражатына 5% мөлшерлемемен;
– инвестициялық жобаларға 6% мөлшерлемемен несие беріледі.
Фестивальге Норвегия, Жапония, АҚШ, Қытай сияқты елдердің сарапшылары қатысып, саланы дамыту жолдарын талқылады.
Жоспарланған жобалар мен мемлекеттік қолдау шаралары балық шаруашылығының әлеуетін арттырып, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етпек.





