
Оның айтуынша, бұл клиенттерге банкаралық QR төлемдер мен мобильді аударым сервистеріне қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Біз банктердің өзара тиімді жұмыс істеуін, қаржы қызметтерінің қолжетімді болуын және бәсекелестікті дамытып, тұтынушы құқығының қорғалуын қамтамасыз етуді көздейміз. Сонымен бірге еліміздің қаржы секторының дербестігін нығайтуды жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті Берік Шолпанқұлов.
Жиын барысында Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі, цифрлық трансформация жөніндегі жетекші Бинұр Жәленов маусым айында алғашқы бес банктің клиенттері үшін телефон нөмірі арқылы банкаралық аударымдар қолжетімді болатындығын мәлімдеді.
Аталған іс-шаралар Ұлттық цифрлық қаржылық инфрақұрылымды дамыту аясында жүзеге асырылуда. Оған Ұлттық төлем жүйесі, Алаяқтық транзакцияларға қарсы ұлттық орталық, Қашықтан биометриялық сәйкестендіру жүйесі, Ашық банкинг және Цифрлық теңге платформалары кіреді.
Сонымен қатар, Ұлттық банк басқа мемлекеттік органдармен бірге цифрлық активтерді реттеу жөнінде заңнамалық өзгерістер қалыптастыруға бағытталған түзетулер кешенін әзірледі.
Түзетулер екі блоктан тұрады. Бірінші, цифрлық қаржы активтерінің құқықтық мәртебесін анықтай отырып оларды іске қосу көзделген. Екінші, қорғалмаған криптовалюталардың айналымын реттеу үшін криптовалюта айырбастау ызметін көрсететін провайдерлерді лицензиялау.
«Заңнамалық бастамалармен қатар Ұлттық Банкте цифрлық активтер бойынша реттеуші орта құрылады. Оның аясында нарық қатысушылары түрлі инновациялық сервистер мен технологияларды сынақтан өткізе алады», – деп қорытындылады Ұлттық банк төрағасының орынбасары.