
«Наурызда жылдық инфляция 10%-ке дейін өсіп, біздің 10-12% болжамымыздың шегінде қалыптасты. Наурызда азық-түлік инфляциясы айтарлықтай жеделдеп, 7,6%-ке жетті, ақпанда ол 6,5% болды. Азық-түлік инфляциясының айлық және жылдық мәнде жеделдеуінен оның – бағаның жалпы өсуіне қосатын үлесі артты», - деп Сүлейменов мәлімдеді.Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы ақпандағы 8,7%-тен 9,1%-ке дейін жеделдеді. Ақылы қызметтер инфляциясы 14,3%-ке (ақпанда – 14,1%-ке) дейін артып, бағаның жалпы өсуіне айтарлықтай үлес қосуда.
«Наурызда нарықтық қызметтер мен азық-түлікке жатпайтын компонент есебінен айлық инфляцияның тұрақтанғанын байқадық. Айлық инфляция ақпандағы 1,-%-тен – наурызда 1,3%-ке дейін төмендеді. Базалық және маусымдық факторлардан тазартылған инфляция көрсеткіштері де баяулады. Дегенмен айлық инфляция тарихи көрсеткіштерден әлі де жоғары. Ал қаңтар-наурыз айларындағы және 1-тоқсандағы маусымдық факторларға түзетілген ағымдағы инфляция әлі де жеделдеп, бір жылға есептегенде 14,2% деңгейіне жетті», - баса атап өтті Сүлейменов.Ұлттық банк басшысы, халықтың бір жыл алға жасаған инфляциялық күтулері ақпандағы 13,7%-тен 12,6%-ке дейін төмендеп, ал ұзақмерзімді күтулер 13,5% деңгейінде өзгеріссіз қалды.
Сондай-ақ, бүгінгі шешім АҚШ-тың сауда саясатына байланысты нарықтардағы жоғары құбылмалылық пен әлемде артқан белгісіздік жағдайында қабылданды. Сыртқы ортада Қазақстанның негізгі сауда-серіктесі – Ресейдегі инфляциядан және азық-түліктің әлемдегі жоғары бағаларынан да инфляцияға қысым сақталып отыр.