Қазақстанда екі жаңа қант зауыты салынады: Түркиялық инвестор 500 млн доллар құяды
Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Түркияның Cengiz Holding холдингі директорлар кеңесінің мүшесі Дженгиз Шабанмен кездесті.
Тараптар қант саласын дамыту, инвестиция тарту және агроөнеркәсіп кешенінде терең өңдеу жобаларын жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Министрдің айтуынша, ведомство қант импортына тәуелділікті азайтып, елдің өзін-өзі қамтамасыз ету үлесін арттыру үшін кешенді шараларды іске асыруда. Қазір Қазақстанда төрт қант зауыты жұмыс істейді, олардың өңдеу қуаттылығы жылына 870 мың тонна қант қызылшасын құрайды. Дегенмен жыл сайынғы қант тұтынуы 500 мың тоннаға тең, ал отандық шикізаттан өндірілетін өнім ішкі қажеттіліктің тек 14 пайызын ғана өтейді.
Осы орайда Cengiz Holding Қазақстанда жылына 300 мың тоннаға дейін қант өндіретін екі жаңа зауыт салу мүмкіндігін қарастыруда. Инвестор жобаны іске асыру үшін алдағы 10 жылда 500 млн АҚШ доллары көлемінде қаржы салуды жоспарлап отыр. Зауыттарды орналастыруға әлеуетті өңірлер ретінде Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары қаралуда. Олардың климаттық жағдайы, инфрақұрылымы және жер ресурстары зерттеліп жатыр.
Компания келесі жылы құрылыс жұмыстарын бастап, екі кәсіпорынды екі жыл ішінде іске қосуды жоспарлап отыр. Жоба ішкі нарықты қантпен қамтуға елеулі үлес қосып қана қоймай, мал азығы, техникалық спирт және тамақ өнеркәсібіне арналған компоненттер шығаратын қосалқы өндірістерді дамытуға мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысында тараптар жобаны іске асыру бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Ұқсас материалдар
Көп оқылғандар
7,9 млрд теңге жымқыру ісі: құрылыс компаниясының қызметкерлері ұсталды
- 01 желтоқсан, 2025





