Премьер-Министр Олжас Бектенов бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырмаларды іске асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Алдымен қаржы-экономикалық блок министрлерін тыңдаған Премьер-Министр бюджет шығыстары толығымен экономикалық табыс әкелуге бағытталып, өнімсіз шығыстар толығымен жойылуы керектігін атап өтті.
«Қаржы министрлігі 10 күн ішінде республикалық бюджетке және бір ай ішінде жергілікті бюджеттердің барлығына ревизия жүргізіп, аса маңызы жоқ шығыстарды айтарлықтай қысқартуы тиіс. Ешкім де ақшаны орынсыз шашпауы керек», — деді Олжас Бектенов.
Cонымен қатар Премьер-Министр Салық кодексінің жобасын қайта жазып, оның философиясын өзгерту қажеттігін айтты.
«Сарапшылар мен бизнес қоғамдастықтарының пікірлерін ескеру қажет. Салық кодексі бизнестің белсенді болуына жағдай жасап, оны ұлғайтуға ынталандыруы керек», — деп тапсырды ол.
Үкімет басшысы сонымен қатар өнеркәсіптік дамуға жаңа серпін беру үшін бірқатар нақты міндеттерді белгілеп, бірінші вице-премьер Роман Склярға 10 күн ішінде барлық ірі өнеркәсіп кәсіпорны иелерімен, бірінші кезекте өндіруші салалардағы кәсіпорындармен келіссөздер жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ өнеркәсіптік кәсіпорындарды энергиямен сенімді түрде қамтамасыз ету, су ресурстарымен қамтамасыз ету, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарын салу үшін жеке инвестициялар тарту, МӘМС жүйесін реформалау, цифрлық трансформацияны жүргізу, көлік және ауыл шаруашылығы салаларын дамыту, «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобаларын іске асыру, сондай-ақ азаматтарды әлеуметтік қолдау, мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін реформалау жөнінде нақты тапсырмалар берді.