Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

«Бекзат болмыс»: Бекжан Тұрыстың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертеді

«Бекзат болмыс»: Бекжан Тұрыстың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертеді

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінінің иегері, көрнекті театр және кино актері Бекжан Тұрыстың өмірі мен шығармашылығына арналған «Бекзат болмыс» кітабының таныстырылымы өтті. 

Кітап «Біз білетін Бекжан», «Ой түбінде жатқан сөз», «Жырға айналған жүрек» деп аталатын үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде кино және театр қайраткерлері Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Әубәкір Рахимов, Әлия Бөпежанова, жазушы Зейнеп Ахметова бастаған актердің замандастары мен кейінгі толқын іні-қарындастарының шынайы жазбалары топтасса, екінші бөлімде актердің БАҚ-қа берген мазмұнды сұхбаттары енді, үшінші бөлімде танымал ақындардың Бекжан Тұрысқа арнаған жырлары топтастырылды.

Жинақта театр сыншылары мен режиссерлер, актерлер Бекжан Тұрыстың актерлік еңбегіне жан-жақты тоқталып, оның қазақ театр өнерінің дамуына, актерлік мектептің шыңдалуына қосқан үлесіне кәсіби тұрғыда баға береді. Азаматтық болмысына да тоқталып, тұлғалық ерекшелігін атап өтеді. Кітап театр, өнер саласындағы мамандар мен білім алушыларға, өнерді құрмет тұтатын қалың оқырманға арналады. Ол қазақ өнертану саласына ғана емес, тұлғатану саласына қосылған жинақ ретінде құнды.

«Асанберді» жеке кәсіпкерлігінің иесі, кәсіпкер-меценат Айнұр Асанберді демеушілік жасаған жинақ белгілі дизайнер-беттеуші, баспагер Бақыт Ойсаның ARNA-B баспасынан жарық көрді.

Кітапқа енген суреттер Бекжан Тұрыс табан аудармай қызмет етіп келе жатқан М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының музейінен алынды.

Кітапты құрастырушылар – Жұматай Әміреев, Досым Зікірия, Алмат Исәділ, Ернат Ысқақ, Ботагөз Жөкенқызы, Назым Дүтбай. 

Кітапты құрастырушылардың бірі Досым Зікірия «...Біз көбіне бір адамның көзі кеткесін ғана ол туралы жақсы сөз айтамыз, ондай еренсіздігімізді «қолда барда алтынның қадірі жоқ» деп ақтағансып қоямыз. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», – дегенді де айтқан өзіміз. Осы жинақты шығаруға да, жақсы жанның көңілі жарқырап жүрсінші, деген оймен кіріскен едік.  Бір-біріміздің қадірімізді жанымызда жүрген кезде білейікші. Одан да маңыздысы мейірімге сусаған осынау шақта бір-бірімізді шын қуантып,  жарым лепес болса да жылы сөзімізді арнап жүрейікші. Осы жинақтың жарық көруіне атсалысқан мейірбан жандардың бәріне де шын жүректен шыққан алғысымды білдіремін! Төрт құбылыларыңыз түгел болсын!», – деді.



Ал, Ботагөз Жөкенқызы «...Бұл жинақтың тағы да бір ерекшелігі болашақта театртанушылар арасынан Б. Тұрыс шығармашылығын зерттейтін жандар шықса (өз басым оған сенемін) бұл дайын тұрған жолнұсқаулық,  дайын бағдар көрсетуші, жөн сілтеуші.  Кез келген ғылыми жұмысқа негіз бола алады. Баршаңызды тұлғатану саласына қосылған тағы бір сүбелі еңбекпен құттықтаймын! Тұлғаларымыз аласармасын! Сонда оларды үлгі тұтып өсіп келе жатқан жас өркен де майдаланбайды», – деді.

Қазақ театр өнерінің кең дүниесінде ерекше орны бар, сахнаға шыққан сайын көрерменін бір мезетте ойлантып, толғантып, кейде күлдіріп, кейде жылатып алатын сирек таланттар болады. Театр – тірі ағза, ал сол ағзаның жүрегіндей соғып тұратын тұлғалар бар. Солардың бірі – Бекжан Тұрыс. Бұл жинақ – бір ғана актердің өмір жолы емес. Бұл – ұлт сахнасының рухани тынысы, өнердің мәңгілік ізденісі, актер болмысының терең иірімдері туралы сыр.

1 мың данамен жарық көрген кітап Бекжан Тұрыстың өнерін құрметтейтін әр жүрекке ой салып, шабыт беріп, қазақ сахнасының тағы бір асыл тұлғасын қайта таныта түседі деп сенеміз.

Ұқсас материалдар