Mudarabah Capital қаржы пирамидасының төрт ұйымдастырушысы қамауға алынды, деп хабарлады
Алматы қалалық полиция Департаменті Баспасөз қызметі.
Олардың қатарында белгілі вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов бар. Күдіктілер 10 күнге қамауға алынған.
«Мәселе «Mudarabah Capital» серіктестігінің қатысушылары – Ш.есімді және Т.есімді азаматтар жайлы болып отыр, оларға қатысты сот бұрын бұлтартпау шарасы ретінде «кепіл» санкциясын берген, сондай-ақ, М.есімді және К.есімді азамат, сотқа дейінгі тергеу барысында «үйқамаққа» алынған», делінген хабарламада.
«Естеріңізге сала кетейік, олар Алматы қалалық полиция Департаментінің Тергеу басқармасы ҚР ҚК-нің 217 бабы 3 бөлігі бойынша тергеп жатқан қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылды. Қылмыстық іс бір топ азаматтың «ASTEX.KZ» ЖШС, «ACD Technology» ЖШС лауазымды тұлғаларының қаржылық пирамида құру және оны басқару дерегі бойынша ұжымдық арыз негізінде Алматы қалалық полиция Департаментінде тіркелді», - деді бұл туралы Алматы қалалық полиция Департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Рүстем Әбдрахманов.
Тергеу барысында анықталғандай, 2019 жылдың ақпанынан 2021 жылдың қаңтарына дейін аталған ЖШС-нің лауазымды тұлғалары жеке және заңды тұлғалармен мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін деп қаражат тарту бойынша бірлескен қызмет туралы келісімдер жасасқан. Екіжақты құжатқа сәйкес, фирмалар ай сайын әрбір салымшыға төлеген жарна сомасының 20 пайызын төлеуге міндетті болған. 162 салымшының 5 млрд теңгеден астам қаражатын «ASTEX.KZ» ЖШС «MUDARABAN CAPITAL» ЖШС арқылы тартқан.
Еске салайық, бұған дейін ҚР ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов осы іске қатысы бар вайнерлер (блогерлер) қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын айтқан еді.
«Ең алдымен, мен вайнерлер, блогерлер деп аталатындар туралы айтқым келеді. Олар басқа азаматтармен қатар қолданыстағы Конституцияға сай тең құқықтары мен міндеттері бар қарапайым адамдар. Қылмыстық қудалау органдары үшін олардың ешқандай айырмашылығы жоқ, мәртебесі немесе жұмыс орнының болуы маңызды емес. Айтайын дегенім, өздерін вайнер атап жүргендер (үшеу) қылмыстық жауапкершілікке тартылады», деген еді ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы.