Қоғамда бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты түрлі пікір бар. Бұл өзгерісті билік тізгінін ұстағандар қанша құптағанмен, қарапайым халық тиімсіз екенін алға тартады.
Тіпті, Үкімет уақыт белдеуінің қазақстандықтарға әсерін зерттеуге 100 млн теңгеден астам қаржы жұмсайтыны белгілі болған. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің мәліметінше, 160 миллион теңгеге өтінім түскен, алайда бұл қаражат қысқаруы мүмкін.
«Өтінім үш жылдық бюджетке – 160 миллион теңгеге берілген, бірақ шын мәнінде бұл сома азаяды. Меніңше, шамамен жартысына қысқарады, яғни 90-100 миллион теңге көлемінде болады», – деген-ді Саясат Нұрбек.
Бұдан соң EGov mobile мобильді қосымшасында бас-аяғы бес сұрақтан тұратын сауалнама жарияланып, бірден алынып тасталды. Ондағы «Қазіргі уақыт өлшеміне қатысты ойыңыз қандай? Сізге қай уақыт белдеуі ыңғайлы?» деген сұраққа халықтың көпшілігі жауап беріп үлгермей қалды.
Мұның себебін түсіндірген Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі Жаслан Мәдиев:
«Сауалнама ғылым және жоғары білім министрлігінің ұсынысы болды. Министрлік уақыт белдеуінің өзгеруіне қатысты кешенді зерттеу жүргізуге ниетті еді. Сол үшін де халық арасында уақыт белдеуінің өзгеруіне қатысты пікірді анықтағылары келді. Сауалнамаға 200 мың адам дауыс берген соң ол тоқтаған. Ғылым министрлігіне берілген нәтиже бойынша өздеріне хабарласу керек. Сауалнама зерттеу үшін жасалды», – деген уәж айтты.
Ал бүгін Парламент депутаттары мүдделі мемлекеттік органдарға бірыңғай уақыт белдеуі мәселесіне қатысты ғылыми-зерттеу жұмысын 2025 жылдың наурызына дейін аяқтауды тапсырды. Бұл туралы Мәжіліс спикері, AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Үкімет мүшелерінің қатысуымен өткен фракцияның кеңейтілген жиынында айтты.
Мәжіліс депутаттары Үкімет мүшелеріне бірыңғай уақыт белдеуін енгізуге қатысты азаматтарды толғандырған өзекті сауалдарды жеткізді. Атап айтқанда, депутат Жанарбек Әшімжанов Алматы облысының, Жетісу облысының және өзге де өңірлердің тұрғындарынан депутаттық корпус атына келіп түскен көп өтінішке назар аударды.
Депутат Ерлан Саиров үйлесімді қоғам құру үшін Парламент пен Үкіметтің осы мәселе бойынша біртұтас ұстанымы болуға тиіс десе, депутат Ю. Кучинская мұндай мәселе Үкімет қаулысы деңгейінде шешілмей, заң деңгейінде реттелуі керек деген пікір білдірді. Басқа да депутаттар қалыс қалмай, ұсынысын жеткізді.
Жиынды қорытындылаған Мәжіліс спикері Е.Қошанов уақыт белдеуін өзгерту қоғамда ең көп талқыланатын тақырыптың бірі екенін атап өтті. Ол мұндай шешімдерді алдын ала егжей-тегжейлі талдау және кеңінен талқылау арқылы қабылдау керек екенін жеткізді.
Бұл қадам қоғамға тиімді түсіндіру жұмысын жүргізуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты Үкімет бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің әсері туралы көпфакторлы ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу жөнінде шешім қабылдады. Аталған шешім бірқатар сұрақтың жауабын беруге тиіс.
«Уақыттың өзгеруі, ең алдымен, азаматтарымыздың денсаулығы мен әл-ауқатына, тұрмысына қалай әсер ететініне қатысты нақты жауап алуымыз керек. Осы мәселеге баса мән беру қажет. Сонымен қатар Үкімет айтып отырған үш жыл – тым ұзақ мерзім. Зерттеу жұмысын үш айда аяқтағандарыңыз жөн. Алдағы жылдың наурыз айында зерттеу қорытындыларымен және нақты шешу жолдары бар ұсыныстармен келесіздер деген үміттеміз», – деді Ерлан Қошанов.