Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Биржалық сауданы реттеу күшейеді: брокерлерге лицензия алу міндеттеледі

Биржалық сауданы реттеу күшейеді: брокерлерге лицензия алу міндеттеледі

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда тауар биржаларының брокерлері мен клирингтік орталықтарының қызметі міндетті түрде лицензияланатын болады.

Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) хабарлады.

Агенттіктің мәліметінше, жаңа талаптар биржа нарығы қатысушыларының ашықтығын, сенімділігін және адал жұмыс істеуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ саудаға қатысушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған.

БҚДА лицензиялау жүйесін енгізу кезінде биржалық сауданың тоқтап қалмауы үшін нарық қатысушыларына алдын ала дайындық жұмыстарын жүргізуді ұсынды.

«Биржаларға брокерлер мен клирингтік орталықтарды лицензиялау мерзімін ескере отырып, биржалық тауарларды сату және сатып алу жөніндегі өтінімдерді қабылдау мерзімдерін дұрыс жоспарлау ұсынылады», – делінген агенттік хабарламасында.

Ведомство барлық қатысушыларды лицензия алу процесін кейінге қалдырмай, 2026 жылдың басына дейін толық дайын болуға шақырды.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі өз тарапынан нарықтың жаңа талаптарға дайындығын бақылауды және қажетті әдістемелік көмек көрсетуді жалғастыратынын атап өтті.

Ұқсас материалдар