
Премьер-министр Олжас Бектенов биылдан бастап геологиялық барлау жұмыстарына бөлінетін қаржы көлемі едәуір ұлғаятынын айтты.
– Үкімет ресурстық базаны ұлғайту бағытына басымдық беріп отыр. Жер қойнауын геологиялық барлау көлемін арттыру үшін биылдан бастап қаржыландыру көлемін едәуір ұлғайтамыз.
Біз жер қойнауын пайдалану құқықтарын беру бойынша аукциондардан түсетін бонустардың қаражатын геологияны дамытуға бағыттау туралы шешім қабылдадық. Биыл бұл сома кемінде 30 млрд теңге болып отыр. Аталған қаржы көлемі әлі де арта түседі. Қазіргі уақытта тиісті есептеулер жүріп жатыр, – деді ол Үкімет отырысында.
Олжас Бектеновтің пайымдауынша, металлургтер мен кеншілердің еңбек қауіпсіздігін күшейту бағытында ауқымды жұмыстар істеліп жатыр.
«Өнеркәсіп, Экология, Төтенше жағдайлар министрліктері ірі тау-кен металлургия кәсіпорындарымен бірлесіп, қолданыстағы өндірістерді жаңғыртуды, жаңа технологияларды енгізуді және еңбек қауіпсіздігі деңгейін арттыруды қамтамасыз етуі қажет», – деді Премьер-министр.
Елімізде күміс, көмір және сирек кездесетін металдардың 50 кен орны бойынша электрондық аукцион ұйымдастырылады.