«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі туристік және рекреациялық жобаларды іске асыру үшін жер учаскелерін ұзақ мерзімге жалға береді.
Бұл туралы парк әкімшілігі хабарлады. Бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бурабай курорты аумағында жаңа туристік аймақтарды дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылып отыр. Жоспарға Ақбура, Жүкей көлі, Қатаркөл және Текекөл аумақтары кіреді.
Ұзақ мерзімге жалға берілетін жерлерде қонақүйлер, этноауылдар және туристік-рекреациялық нысандар салу көзделген. Ұлттық парк инвестиция тарту мақсатында туристік әлеуеті жоғары, сирек игерілген локацияларға басымдық беріп отыр.
Жер учаскелерін беру Қазақстан заңнамасына толық сәйкестікте, экологиялық талаптар мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қорғау режимін сақтай отырып жүзеге асырылады.





