БЖЗҚ қаржысын енді ипотеканың ай сайынғы төлемін азайтуға пайдалануға болады
Қазақстанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жинақты пайдалану мүмкіндігі кеңейтілмек.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әзірлеген жаңа заң жобасына сәйкес, енді зейнетақы жинақтарын ипотеканың ай сайынғы төлемін азайтуға немесе несие мерзімін қысқартуға қолдануға болады.
Бұған дейін БЖЗҚ қаражаты тек ипотекалық қарызды толық немесе ішінара жабуға ғана пайдаланылған еді.
Министрлік түсіндіруінше, бұл өзгеріс жаңа Салық кодексімен байланысты. 2026 жылдан бастап зейнетақы қорынан төленетін қаражаттан, соның ішінде баспана алу немесе емделу мақсатында пайдаланылатын біржолғы зейнетақы төлемдерінен жеке табыс салығы (ЖТС) ұсталмайды.
Яғни, азаматтар енді қордағы жинақтарын салықсыз, толық көлемде пайдалана алады. Осы салықтық жеңілдік ескеріле отырып, министрлік біржолғы зейнетақы төлемдерін қолдану бағыттарын кеңейтуге шешім қабылдаған.
Заң жобасы қазіргі таңда қоғамдық талқылауда. Құжат бойынша пікір білдіру мен ұсыныс жіберу мерзімі 21 қарашаға дейін жалғасады.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, өзгерістердің басты мақсаты – зейнетақы жинақтарын пайдалануды тиімді әрі ыңғайлы ету және азаматтарға тұрғын үй жағдайын жақсартудың қосымша мүмкіндіктерін ұсыну.





