Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Экономика бойынша Нобель сыйлығының иегерлері жарияланды

Экономика бойынша Нобель сыйлығының иегерлері жарияланды

Джоэль Мокир, Филипп Агьон и Питер ХоуиттФото: © Никлас Эльмехед/Nobel Prize Outreach

Экономика саласындағы 2025 жылғы Нобель сыйлығының лауреаттары АҚШ, Франция және Канада ғалымдары – Джоэль Мокир, Филипп Агьон және Питер Хоуитт атанды.


Бұл туралы дүйсенбі күні Швецияның Ғылым академиясы ресми түрде хабарлады.

Комитеттің мәліметінше, сыйлықтың жартысы Джоэль Мокирге «технологиялық прогресс арқылы тұрақты өсудің алғышарттарын анықтағаны үшін» берілді. Ал екінші жартысын Филипп Агьон мен Питер Хоуитт бөліседі. Олар «креативті күйрету арқылы тұрақты өсудің теориясы» үшін марапатталды.

Пресс-релизде ғалымдардың жұмыстары жаңа технологиялардың тұрақты экономикалық өсуді қалай қамтамасыз ете алатынын көрсеткені айтылған.

«Соңғы екі ғасырда әлем алғаш рет тұрақты экономикалық өсудің куәсі болды. Бұл миллиондаған адамдардың кедейліктен шығуына көмектесті және қазіргі өркендеудің негізін қалады. Биылғы экономика бойынша лауреаттар инновациялардың алға ілгерілеудің қозғаушы күші екенін түсіндіреді», – делінген Нобель комитетінің хабарламасында.

Комитет төрағасы Йон Хасслер өз сөзінде: «Лауреаттардың жұмыстары экономикалық өсуді өзінен-өзі бола беретін процесс деп қарастыруға болмайтынын көрсетеді. Біз креативті күйретуге негізделген тетіктерді қолдап отыруымыз керек, әйтпесе тоқырауға тап болуымыз мүмкін», – деді.

Айта кетейік, экономика саласындағы Нобель сыйлығы Альфред Нобельдің 1895 жылғы өсиетінде көрсетілген бастапқы номинациялар қатарына кірмейді. Бұл марапат 1968 жылы Швецияның мемлекеттік банкі (Sveriges Riksbank) тарапынан Нобель қорының қолдауымен тағайындалған.

2024 жылы бұл сыйлықты АҚШ-тан шыққан экономистер – Дарон Аджемоғлу, Саймон Джонсон және Джеймс Робинсон иеленген болатын. Олар бұл марапатқа институттардың қоғам әл-ауқатына қалай әсер ететінін зерттегені үшін лайық деп танылды. Айта кетсек, Аджемоғлу мен Робинсон әйгілі «Неліктен елдер бай немесе кедей болады?» атты ғылыми кітаптың авторлары (Why Nations Fail: The Origins of Power, Prosperity and Poverty).

Ұқсас материалдар