Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

EQ – табысқа жетудің жаңа формуласы

EQ – табысқа жетудің жаңа формуласы

   Алматыда мектеп оқушылары арасында өткен «Эмоционалдық интеллект» қалалық олимпиадасы мәресіне жетті.

         Дүниежүзілік деңгейдегі танымал психолог әрі журналист Дэниел Гоулманның зерттеулеріне сүйенсек, «EQ – табыстың 80%-ы. Бұл – басқалардың сезімін тани білу және өз сезімдеріңді басқара алу қабілеті». Технологиялар қарыштап дамып, жасанды интеллект адам еңбегін алмастырып жатқан бүгінгі цифрлық дәуірде тек адамға ғана тән шынайы сезімталдық пен эмпатияның құны бұрынғыдан да арта түсті.

Эмоционалдық интеллект – жетілдірілетін маңызды тұлғалық қасиет. Осыны ескере отырып, қазіргі білім беру жүйесінде оқушыға тек ғылыми білім беріп қана қоймай, оның өзін-өзі реттеу, өзгелерді түсіну және тиімді қарым-қатынас орнату қабілетін шыңдау психолог жұмысының басты бағыттардың біріне айналды.

«Эмоционалдық интеллект» олимпиадасы – Алматы қаласы Білім басқармасына қарайтын «Психологиялық қолдау орталығы» КММ директоры Венера Сембекқызының авторлық жобасы. Аталаған орталық ұжымы ұйымдастыруымен биыл үшінші жыл қатарынан мектеп оқушылары арасында өткізілді.

         Бұл интеллектуалды доданың басты мақсаты – өскелең ұрпақтың психологиялық сауаттылығын арттыру, күйзеліске төзімділігін қалыптастыру және ішкі тыныштықты сақтай білуге баулу. Түрлі жағдайда сауатты коммуникация жасау, өзінің, өзгенің эмоцияларын дұрыс бағамдап, дұрыс қарым-қатынас орнатуға дағдыландыру.

Олимпиада бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші және екінші кезеңдер. Ағымдағы жылдың наурыз айында аталған кезеңдер аясында оқушылардың жазған эсселері сарапталып, шығармашылық жұмыстары жан-жақты талданды. Қатысушылар өз эмоцияларын көркем сөзбен жеткізіп, күрделі жағдаяттардан шығу жолдарын қағаз бетіне түсіріп, эссе түрінде ұсынды. Сонымен қатар, дайындаған бейнематериалдарын қорғау арқылы өз ойларын жан-жақты көрсете білді. Нәтижесінде ең жоғары ұпай жинаған 70 оқушы қалалық кезеңге жолдама алды.

Қорытынды кезеңде оқушылар өздерінің психологиялық біліктері мен дағдыларын іс жүзінде паш етті.

 Оқушылардың эмоционалдық интеллектісінің биіктігін ЖОО оқытушылары мен зерттеуші-ғалымдар: профессор, педагогика ғылымдары кандидаты Нұрсұлу Сейіткерімқызы, Психология пәні оқытушысы, докторант Айгүл Амангелдіқызы, педагогика ғылымдары кандидаты, қауымдастырылған профессор м.а. Раиса Қанабекқызы және мектеп қабырғасында күнделікті бала жанының шипагері болып жүрген практик-психологтар Айдана Сапарбайқызы, Кәмшат Кенжеғалиқызы, Кәмила Болатқанқызы, Елена Александрқызы, Мария Евгенийқызы, Мадина Қайратқызы, Ербол Мәдина, Әлия Ахметжанқызы, Гүлнәр Сағидоллақызы, Элмира Үсенқызы әділ бағалады.

 Сарапшылардың шешімімен жеңімпаздар анықталды:

Бас жүлде – 4 оқушы;

1-орын – 16 оқушы;

2-орын – 25 оқушы;

3-орын – 25 оқушы иеленді. Психологиялық жоба болғандықтан ақтық кезеңге шыққан оқушылардың ешбірін жүлдесіз қалмай, ұйымдастырушылар шешімімен барлығын марапатталды.

 Мұндай шаралардың жүйелі өткізілуі Алматы қаласының білім беру саласындағы психологиялық қызметтің сапалы деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Оқушылар мен мектеп психологтары шабыттанып, өзін-өзі тануға, дамуға және эмоционалдық интеллектін (EQ) арттыруға ынталанды. Балалар өз мүмкіндіктерінің кең екенін сезініп, өзіне деген сенімі нығайды.

«Эмоционалдық интеллект» олимпиадасы – жай ғана байқау емес, бұл оқушылардың өзін-өзі тануына, күйзеліске төзімділігін арттыруға және бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуына бағытталған маңызды психологиялық жоба. EQ деңгейін жүйелі жұмыс пен тәжірибе арқылы дамытуға болады, ал дамыған эмоционалдық интеллект тұлғаның өмірде өзін дұрыс танытып, қоғамда еркін қарым-қатынас жасауына мүмкіндік береді.

«Психологиялық қолдау орталығы» КММ

Ұқсас материалдар