Ерлан Саиров: «Жол саласына бөлінетін қаражат қоғамның жіті бақылауында болуы керек»

Суретті түсірген: Әли Ғалым
«AMANAT» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиын барысында еліміздің жол инфрақұрылымын дамыту мәселесіне баса назар аударылды.
Отырыс жұмысына Кеңес мүшелері, Мәжіліс депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың өкілдерді, қоғам белсенділері және бейнеконференцбайланыс режимі арқылы өңірлердегі азаматтар қатысты.
Сөз басында Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров жол құрылысына бөлінетін бюджет қаражатын талан-таражға салуға жол бермеу керек екенін атап өтті.
«Ірі халықаралық қорлардан несие алып, жол салып жатырмыз. Кезінде бұл мәселені несиесіз-ақ шешуге болатын еді. Түптеп келгенде, оны салық төлеушілердің есебінен, яғни бюджет қаражатынан қайтарамыз. Осыған байланысты, жол саласына бөлінетін бюджет қаражаты қайда, қалай жұмсалып жатқаны қоғамның жіті бақылауында болуы керек. Әрине, жол салынбайды емес, салынып жатыр. Алайда өңірлерде, әсіресе Ақтөбе, Атырау облыстарында жол сапасына қатысты өте көп проблема бар», – деді ол.
Бұл ретте, «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев жол құрылысына, сапасына қатысты мәлімет тұрғындарға ашық айтылмайтынын жеткізді.
«Жыл сайын елімізде республикалық, өңірлік маңызы бар жолдар, көпірлер салынады. Құрылыс жұмысы жалғасып жатқан жобалар да аз емес. Өкінішке қарай, атқарылған немесе атқарылып жатқан жұмысқа қатысты ақпаратты халыққа жеткізу, қажет болған кезде жағдайды түсіндіру мәселесі әлі де кенжелеп тұр. Атап айтқанда, «Доссор-Құлсары-Ақтау» бағытындағы тас жолдың беті былтыр қырылып тасталды. Содан бері осы жол бөлігіне қатысты қандай бір жөндеу жұмысы жүргізілген жоқ. Тұрғындарға да толыққанды түсініктеме берілмеді. Жол жөндеу жұмысын жалғастыруға қажет қаражат қашан бөлінетіні, жол құрылысы қай кезде толық аяқталатыны туралы ашық ақпарат болуға тиіс», – деді Ержан Жылқыбаев.
Осы орайда, Атырау облыстық мәслихатының депутаты Арман Хайруллин өңірдегі автокөлік жолының сапасына тұрғындардың көңілі толмайтынын алға тартты.
«Былтыр көктемгі су тасқыны жол сапасына да кері әсерін тигізді. Мәселен, республикалық маңызы бар «Құлсары-Доссор-Ақтау» тас жолының қазіргі жағдайы мүлдем сын көтермейді. Содан бері жарты жылдан астам уақыт өтсе де жол қайта қалпына келтірілген жоқ. Әсіресе, Құлсары қаласына жете берістегі 15 шақырым жолдың астаң-кестеңі шығып жатыр. Сондай-ақ, аталған трассаның ұзындығы 7 шақырымды құрайтын бөлігінде тас жолдың беткі қабаты алынып тасталғанымен, күні бүгінге дейін қайта жөнделмеді. Соның кесірінен, жолаушылар күн сайын апатқа ұшырауда. Бұл жағдай көлік жүргізушілері мен жолаушылардың мазасын кетіріп, өміріне қауіп төндіріп отыр. Ал «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ тарапы жол жөндеуге асығар емес», – деді депутат.
Кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев саладағы жең ұшынан жалғасқан жемқорлық мәселесіне тоқталды.
«2022-2024 жылдар аралығында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мен оның аумақтық құрылымдары қызметінде 6 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы тіркелді. Тергеу нәтижесінде 2 іс бойынша сот үкімі шығарылып, былтыр аталған компанияның Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары және «Алматы сапа инжиниринг» ЖШС-ның техникалық қадағалау сарапшысы бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ мемлекетке аса ірі мөлшерде зиян келтірген «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы былтыр қылмыстық жауапкершілікке тартылды», – деді ол.
Сондай-ақ, ол «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ құрылымында анықталған қылмыстардың былтырғы статистикасына назар аударды. Соған сәйкес, парақорлық – 58%-ға, ұрлық – 28%-ға, сондай-ақ лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану – 8%-ға дейін жетті.
Ал Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы ұсынған ақпарат бойынша, 2024 жылы 5 мыңнан астам инспекциялық тексеру жүргізіліп, жол-құрылыс материалдарының 13,7 мыңға жуық сынамасы алынды. Нәтижесінде оның 15%-ы немесе 2 мың жол-құрылыс материалы қолданыстан алынып тасталды. Бұған қоса, 3,3 мыңнан астам жұмыс технологиясының бұзылуы мен ақауы анықталды.
Ал Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті ұсынған ақпаратқа сәйкес, 2022-2024 жылдары еліміздің халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдарындағы ақауы бар жол учаскелерінде 3 668 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Өкінішке қарай, соның салдарынан 1 121 адам қаза тауып, 4402 адам жарақат алды.
Өз кезегінде, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасының м.а. Саят Шаймин биыл қолға алынатын жұмысты баяндады.
«Биыл ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы еліміздегі көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында 8,8 мың шақырым жол құрылысы жұмысын жүргізуді жоспарлауда. Соның ішінде, жол салу жəне қайта құру жобалары – 2,2 мың шақырымды, күрделі жөндеу нысандары – 460 шақырымды және орташа жөндеу нысандары 7 мың шақырымды құрайды. Осы жоспар барысында алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін 7 мың бірлік техниканы, 91 асфальтбетон зауытын, 83 ұсақтау-сұрыптау қондырғысын жұмылдыру жоспарланып отыр. Бұл қадам 9,4 млн тонна асфальтбетон төсеуге және 13 мыңнан астам өндірістік және инженерлік персоналды тартуға мүмкіндік береді», – деді ол.
Саят Шайминнің айтуынша, былтыр елімізде жол сапасына қатысты 3 мыңға жуық ақау анықталып, оның 92%-ы, яғни 2,7 мыңға жуығы жойылды. Қалған 5,3%-ы – растау және жұмыс жүргізу сатысында. Бұл ретте, ақаулардың – 56%-ы күтіп ұстау учаскелері, 29%-ы – жүзеге асырылып жатқан жобалар және 14%-ы кепілдік учаскелері бойынша анықталды. Былтыр жол сапасын бақылау жұмысын қамтамасыз ету мақсатында 500-ге жуық сарапшысы бар 42 техникалық қадағалау компаниясы жұмылдырылды. Жыл қорытындысы бойынша техникалық қадағалау қызметтеріне шамамен 150 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, жеткілікті деңгейде бақылау жүргізбегені үшін 10 сарапшы жұмыстан шеттетілді.
Түркістан облысындағы «Жемқорлық және заң газетінің» бас редакторы Қаламқас Ботабекова мен Батыс Қазақстан облысының қоғам белсендісі Айболат Бөкенов жол бойындағы әжетхана тапшылығына, жол сапасына, арнайы техниканың аздығына және ауыл тұрғындарын толғандырған мәселелерге мән берді.
«Жамбыл облысынан Қарағандыға дейінгі аралықта әжетхана жоқ деуге болады. Түркістан қаласы мен Сауран ауданы аралығындағы әжетхана қолданысқа берілгеннен бері жұмыс істеген емес. Ал Тараз-Шымкент бағытындағы ақылы жолмен жүру өте қиын. Ойықтар мен шұңқырлар өте көп. Бұл ретте, Шымкент-Түркістан бағытындағы жол бір жаққа қарай қисайып кетіп, көлікті басқарып отыруға қиындық туғызуда. Сондай-ақ, Сауран ауданындағы Ескі Сауран ауылына жету үшін тұрғындар бірнеше шақырым жолды айналып өтуге мәжбүр. Тұрғындар осы мәселені 2019 жылдан бері көтеріп келеді. Алайда ауыл азаматтарын толғандырған мәселе күні бүгінге дейін өз шешімін тапқан жоқ», – деді Қаламқас Ботабекова.
Жиынды қорытындылай келе, Кеңес төрағасы Ерлан Саиров автокөлік пен жол – мемлекеттің стратегиялық нысандары екенін жеткізді.
«Өкінішке қарай, бұл салада оң шешімін таппай келе жатқан мәселелер өте көп. Әсіресе, сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол беруге болмайды. Жасыратыны жоқ, өңірлердегі жол сапасына, сервис жұмысына тұрғындардың көңілі толмайды. Кемшіліктерді жою амалын бірлесіп қарастыруымыз қажет. Сондай-ақ, елімізде «Қоғамдық бақылау туралы» заң бар. Соған сәйкес, «AMANAT» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңес мүшелерін «ҚазАвтоЖол» компаниясының Директорлар кеңесі мүшелігіне де енгізу жөнінде ұсыныс жасаймыз», – деп түйіндеді Кеңес төрағасы.