
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 14 наурыз күні Бурабайда өтетін Ұлттық құрылтайдың IV отырысына қатысады.
Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлім етті.
Жиында Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, Ұлттық құрылтай мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстарын ортаға салады.
Сонымен, бұл құрылтайда қандай түйткілдер сөз болады? Бұл туралы Щучинскте IV Ұлттық құрылтайдың отырысы аясында басталған секцияда мәжіліс депутаты Максим Рожинның әр құрылтайда әртүрлі көзқарастағы азаматтар жиналатынын, пікір алуандылығы болған жерде диалог арқылы белгілі бір қорытынды ой түйілетінін жеткізді.
Ол бүгін өзі қатысатын секцияда қоғамның мәдени саласындағы өзекті мәселелер сөз болатынын атап өтті.
– Әдеп мәселесі жайлы айтқым келеді. Қоғамды, қоғам мүшесі ретінде қоғамда болып жатқан әдепсіз дүниелер алаңдатады. Неге ондай жағдай туындап жатыр? Оны қалай шешуге болады? Осы сұрақтарды ортаға талқыға салғым келеді. Азаматтың қауіпсіздігіне, баланың мектептегі, қоғамдағы қауіпсіздігіне қатысты ойлар болады, – дейді Рожин.
Сондай-ақ, ол отбасындағы тәрбие, әдеп мәселесінің де күн тәртібінде болатынын, өңірлерде мәдениет үйінің санын көбейту керектігін тілге тиек ететінін жеткізді.
«Кейбір өңірлерде мәдениет үйлері әлі жоқ. Ауылды жерлерде балалардың не кітап оқитын жері жоқ. Президент айтқандай, мәдениет үйі концерт өтетін орынға ғана емес, жастар жиналып, түрлі бағыттағы жұмыстар жүргізілетін орындарға айналуы керек. Кейбір өңірлерде азаматтар оны әлі күтіп отыр. Ауылдарда тәрбие беретін қариялар да қалмады. Сол қарияларды мәдениет үйлеріне алып келу керек шығар», – деді ол.
Айта кету керек, Ұлттық құрылтайдың бұған дейінгі отырыстары: 2022 жылы Ұлытауда, 2023 жылы Түркістанда, 2024 жылы Атырауда өтті.