
Еуропалық одақ Ресейге қарсы 19-шы санкциялар пакетін дайындап жатыр.
Жаңа шаралар ЕО-ның 27 мемлекеті мақұлдағаннан кейін ғана күшіне енеді, деп хабарлайды Anadolu Ajansı.
Санкциялар пакеті Ресейден сұйытылған табиғи газ (СПГ) импорттауға тыйым салуды, ресейлік банктер мен криптовалюта операцияларына шектеулерді қамтиды. Сонымен қатар, «көлеңкелі флоттағы» 118 кеме санкция тізіміне енгізіліп, мұнай бағасының шекті деңгейі барреліне $47,6-ға дейін төмендетіледі.
«Роснефть» пен «Газпромнефть» сияқты ірі энергетикалық компанияларға толық сауда тыйымы енгізіледі. Үшінші елдердегі, соның ішінде Қытайдағы ресейлік мұнайды өңдейтін кәсіпорындар мен трейдерлер де санкцияға ұшырауы мүмкін.
Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйеннің айтуынша, бұл шаралар Ресейдің әскери экономикасын әлсіретуге бағытталған. Ол Ресейдің халықаралық құқықты елемейтінін және ЕО өкілдігіне жасалған шабуыл мен дрондардың Польша мен Румыния әуе кеңістігін бұзуын еске салды.