Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты Еуроодақта табиғи газ бағасы айтарлықтай қымбаттады.
Көгілдір отынның фьючерстік құны екі күн ішінде 60%-ға дейін өсіп, соңғы үш жылдағы ең жоғары деңгейге жетті.
Бағаның күрт көтерілуіне Қатардағы энергетикалық нысандарға жасалған шабуылдар әсер еткен. Соның салдарынан QatarEnergy мемлекеттік компаниясы сұйытылған табиғи газ өндірісін уақытша тоқтатуға мәжбүр болды.
Сонымен қатар Ормуз бұғазының жабылуы аймақтағы өзге өндірушілердің тасымалына да кедергі келтіріп отыр. Сарапшылардың айтуынша, бұл жағдай әлемдік нарықта газ қорының азаюына әкелуі мүмкін.





