2027 жылдан бастап Алматы мен Гонконг арасында тікелей әуе қатынасы іске қосылуы мүмкін.
Бұл мәселе Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов пен Қытай Халық Республикасының Гонконг Арнайы әкімшілік ауданының басшысы Джон Ли арасындағы кездесу барысында талқыланды.
Жоспарға сәйкес, 2027 жылдың бірінші тоқсанынан бастап Cathay Pacific әуе компаниясы Гонконг – Алматы – Гонконг бағыты бойынша тұрақты рейстер ашуды көздеп отыр. Кездесуге әуе компаниясының клиенттермен жұмыс және коммерциялық мәселелер жөніндегі директоры Лавиния Лау да қатысты.
Тасымалдаушы ұсынған ақпаратқа сәйкес, рейстер Airbus A330-300 кең фюзеляжды ұшақтарымен аптасына үш рет орындалады. Бұл бағыт іске қосылған жағдайда, Гонконг пен Қазақстан арасындағы алғашқы әрі әзірге жалғыз тікелей әуе қатынасына айналады.
Cathay Pacific – Гонконгтың жетекші әуе компанияларының бірі. Ол әлемнің 200-ден астам бағыты бойынша жолаушылар мен жүк тасымалын жүзеге асырады.
Сарапшылардың пікірінше, жаңа әуе бағыты Қазақстан мен Гонконг арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және туристік байланысты күшейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл қадам Қазақстанның халықаралық әуе маршруттары желісін кеңейтіп, Азия-Тынық мұхиты өңірімен қатынасты жандандыруға ықпал етуі мүмкін.





