Halyk Bank шағын және орта бизнеске арналған танымал re:Kassa финтех-сервисін сатып алу мәмілесін аяқтады.
Нәтижесінде банкке тиесілі «Comrun» ЖШС-нің 100 пайыздық үлесі қаржы институтының меншігіне өтті.
Осылайша, цифрлық сервис толықтай бас бенефициарлары Тимур Құлыбаев мен Динара Құлыбаева болып саналатын «Алмэкс» холдингтік тобының бақылауына көшті.
Мәміле аясында сатушы тараптың негізгі қосалқы иелерінің бірі болған Бағдат Мусин өз үлесін өткізді. Қазіргі уақытта ол Қазақтелеком басқарма төрағасы қызметін атқарады.
re:Kassa – сауданы автоматтандыруға, онлайн-кассамен және кассалық жабдықтармен қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік беретін финтех-платформа. Сервис Қазақстандағы шағын және орта бизнес өкілдері арасында кеңінен қолданылады.
Айта кетейік, Halyk Bank пен re:Kassa арасындағы ынтымақтастық 2025 жылдың тамызында басталған. Сол кезде тараптар стратегиялық серіктестік орнатып, нарыққа POS-терминал мен онлайн-кассаның мүмкіндіктерін біріктірген гибридті құрылғыны ұсынған еді.
Тараптар мәміленің қаржылық шарттары мен құнын жариялаған жоқ. Алайда сарапшылар бұл қадамды банктің цифрлық экожүйесін кеңейтуге және кәсіпкерлерге арналған қаржылық-технологиялық қызметтерді дамытуға бағытталған маңызды шешім ретінде бағалап отыр.





