Тегеранда өткен келіссөздер барысында Қазақстан мен Иран сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту мәселелерін талқылады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы тауар айналымы жыл сайын өсіп келе жатқанын атап өтіп, оны әртараптандыру қажет екенін айтты. Оның айтуынша, Қазақстан Иранға жалпы құны кемінде 200 млн доллар болатын өнім жеткізуге дайын.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен өндірісі, медицина және технология салаларындағы ынтымақтастықты жандандырудың маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Тегеранда Қазақстанның Сауда үйін ашу бастамасын қолдап, Іскерлік кеңес пен бірлескен сауда-өнеркәсіп палатасының әлеуетін толық пайдалануға шақырды.
Биыл Иран Қазақстан экономикасына 17,8 млн доллар тікелей инвестиция салған. Иран кәсіпкерлері Алматы облысында ірімшік зауытын, Батыс Қазақстан облысында мал терісін өңдеу комбинатын ашу сияқты жобаларды іске асыруда. Ал қазақстандық бизнес өкілдері Иран нарығында бірнеше бастаманы қолға алған.
Тараптар Солтүстік-Оңтүстік көлік дәлізі мен Қазақстан-Түрікменстан-Иран темір жолының мүмкіндіктерін арттыруға мүдделі екенін мәлімдеді. Биыл 10 айда осы бағыттар арқылы тасымалданған жүк көлемі өткен жылмен салыстырғанда 53 пайызға өскен.
Келіссөз барысында Каспий теңізіндегі порт инфрақұрылымын бірлесе дамыту, көлік-транзит бағыттарын әртараптандыру және ауыл шаруашылығы, энергетика, тау-кен, цифрландыру мен жасанды интеллект салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективалары да сөз болды.





