Ирандық Solico Group Қазақстанда ірі сүт комбинатының құрылысын бастайды
Иранның Solico Group компаниясы Қазақстан аумағында жылына 200 мың тонна өнім шығаратын ірі сүт комбинатын салуды жоспарлап отыр.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Иран арасындағы агроөнеркәсіптік саладағы әріптестіктің маңыздылығына тоқталды. Президенттің айтуынша, Иран – қазақстандық астықты ең көп сатып алатын елдердің бірі.
Өткен жылы агроөнеркәсіп кешеніндегі тауар айналымы 220 миллион долларға жетсе, биылғы он айда астық саудасының көлемі 280 миллион долларға жуықтаған.
Solico Group компаниясы сүт комбинатымен бірге балаларға арналған тағам өндірісін де жолға қоюды көздеп отыр. Сонымен қатар Иранның тағы бір ірі кәсіпорны – Kourosh Food Industry – Қазақстан нарығына қызығушылық танытып, өсімдік майын өндіру және құс шаруашылығын дамыту бағытында жобалар іске қосуды жоспарлауда.
Қасым-Жомарт Тоқаев Иран бизнесімен ынтымақтастықты күшейтуге дайын екенін айтып, кәсіпкерлерді Қазақстанда заманауи өндіріс орындарын ашуға шақырды.
«Біз ауыл шаруашылығына инвестиция құятын кәсіпкерлерді қолдаймыз. Қазіргі таңда бірнеше бірлескен жоба жүзеге асуда. Қазақстан әрдайым тиімді серіктестік орнатуға әзір», – деді Президент.
Ұқсас материалдар
Көп оқылғандар
Алматыда испаниялық Joma 2026 жылы шығатын жаңа топтамасын таныстыруда
- 11 желтоқсан, 2025





