Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Исламдық банк қызметі «исламдық терезе» форматында ұсынылады

Исламдық банк қызметі «исламдық терезе» форматында  ұсынылады

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстандағы дәстүрлі банктер исламдық банктік қызметтерді «исламдық терезе» форматында ұсына алатынын жеткізді. 

Банктер мен банктік қызмет туралы жаңа заң жобасында қарастырылған бұл жаңалық банктерге негізгі қызметін өзгертпестен исламдық қаржыландырумен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Бұл тәсіл инвесторлар үшін, оның ішінде шетелдік инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады және исламдық банкинг нарығына кіруді жеңілдетеді. Бұл халық пен бизнес үшін исламдық банктік қызметтердің қолжетімділігін жақсартуға көмектеседі.

Халықаралық тәжірибені зерделеу және шет мемлекеттердің орталық банктерімен және реттеушілерімен жүргізілген консультация қорытындысы бойынша Агенттік «исламдық терезелерді» реттеудің либералды моделін таңдады. Бұл модель дәстүрлі банктерге жарамды. «Исламдық терезе» мен банктің дәстүрлі бөлігі арасындағы тығыз қарым-қатынасқа жол беріледі, сонымен қатар банктің ішкі исламдық кеңестерінің автономиясын қамтамасыз етеді.

«Исламдық терезелер» үшін негізгі талап етілетін нәрсе олардың жұмысын банктің негізгі қызметінен бөліп алу болып табылады. Ислам банкингімен байланысты барлық операциялар бөлек есепке алынады. Тағы бір жаңалық исламдық қаржыландыру қағидаттары бойынша банктер кеңестерінің басшылары мен мүшелері үшін біліктілікке қойылатын ең төменгі талаптарды енгізу.

Бұдан басқа, ислам операциялары үшін арнайы қаржылық нормативтер әзірленеді. Жалпы ұсынылған өзгерістер банктерге шариғат қағидаттарын сақтай отырып, исламдық қаржымен тиімді жұмыс істеуге көмектеседі.

Ұқсас материалдар