
Батыс Қазақстан облысында ауылдарды сумен жабдықтау жүйесін салу және жаңғыртуға Арнаулы мемлекеттік қордан 5,5 млрд теңге бөлінді. Қаражат 11 жобаға жұмсалмақ.
Соның ішінде 1,8 млрд теңге Қаратөбе ауданының Төлен, Сәуле және Қарақамыс ауылдарына магистралды су жүйесін тартуға, 2,5 млрд теңге Теректі, Қаратөбе және Бәйтерек аудандарындағы сегіз ауылда су желілерін салуға бағытталады. Бұдан бөлек, бұрын басталған жұмыстарға — Бәйтерек ауданы Кирсанов ауылын сумен қамту және Жәнібек ауданындағы Урдин топтық су құбырын қайта жаңғыртуға 1,2 млрд теңге бөлінген. Қазіргі таңда жобалардың 60%-ы орындалды.
Министрлік дерегінше, өңірде қалалар ауыз сумен 100%, ауылдар 97% қамтылған. Жалпы алғанда, Арнаулы мемлекеттік қор есебінен республика бойынша әлеуметтік нысандарға 375 млрд теңгеден астам қаржы бағытталған.