Қазақстанда металлургиялық кокс өндіретін жаңа ірі өндіріс іске қосылады.
Үкімет Қарағанды облысында кокс зауытын салу бойынша инвестициялық келісімді мақұлдады. Жоба Kazakhstan Success Coking Energy компаниясының қатысуымен жүзеге асады. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған.
Кәсіпорын Қарағанды облысының Абай ауданындағы Дубовка кентінде салынады. Зауыттың жобалық қуаты жылына 1 млн тонна металлургиялық кокс өндіруге жетеді.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі 63,5 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорында 500 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұдан бөлек, жерасты кенішін салу кезінде тағы 500 адам жұмыспен қамтылады.
Жоба көмірді терең өңдеуді дамытуға және жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға бағытталған. Өндірілген кокс энергетика, металлургия, ауыл шаруашылығы және фармацевтика салаларында қолданылмақ.
Өндірісті іске қосу 2029 жылға жоспарланған. Алғашқы кезеңде зауыт жылына 500 мың тонна кокс өндіреді. Ал 2031 жылдың соңына қарай кәсіпорын толық қуатына шығып, 1 млн тонна өнім шығаруды көздеп отыр.
Үкімет мәліметінше, құрылыс барысында қазақстандық тауар өндірушілер мен жергілікті жұмыс күшіне басымдық беріледі. Бұл аралас салалардың дамуына және өңір экономикасына қосымша серпін бермек.





