
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасының басшысы Садыр Жапаровтың шақыруымен Бішкекке ресми сапармен барды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Тоқаев сапардың екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды дамытуға серпін беретініне сенім білдірді. Ол қазақ пен қырғыз халықтарының тарихи тамыры, салт-дәстүрі мен ұлттық болмысы ұқсас екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, қазіргі кезде мемлекетаралық және үкіметаралық кеңестер белсенді жұмыс істеп, өңіраралық байланыстар да нығайып келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровтың елді дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалап, Қырғызстан экономикасының биылғы 11,7 пайыздық өсімін атап өтті.
Өз кезегінде Садыр Жапаров Қазақстан Президентін «көрнекті мемлекет қайраткері әрі тәжірибелі дипломат» деп атап, екі елдің қарым-қатынасы соңғы жылдары жаңа деңгейге көтерілгенін айтты. Ол Абай мен Тоқтоғұл, Шыңғыс пен Мұхтар сынды тұлғалардың тарихи мұрасын сақтап, келешекке жеткізу маңызды екенін жеткізді.
Жапаров қазақ-қырғыз ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға дайын екенін мәлімдеді.