Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстан 21 елге балық өнімдерін экспорттайды

  Қазақстан 21 елге балық өнімдерін экспорттайды

 Атырау қаласында өткен «Қазыналы Каспий» халықаралық балық шаруашылығы форумы аясында Қазақстанның балық шаруашылығы кешенінің негізгі жетістіктері таныстырылып, одан әрі дамытудың басым бағыттары айқындалды, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі. 

Форумда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов саланы мемлекеттік қолдау шаралары, инвестициялық жобаларды іске асыру және Каспий теңізінің бірегей экожүйесін сақтау жұмыстары туралы баяндады.

Айтуынша, мемлекеттің жүйелі саясатының арқасында еліміздің балық шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. 2030 жылға дейінгі Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы мен 2025 жылы қабылданған «Акваөсіру туралы» Заң аясында балық өсіру шаруашылықтарының саны төрт есеге артып, 700-ге жетті. Қазіргі таңда тұқы, бекіре және албырт тұқымдас бағалы балық түрлерін өсіру көлемі жылына 26 мың тоннаны құрайды.

Инвестициялық белсенділікті ынталандыру мақсатында бизнесті қолдаудың қосымша тетіктері енгізілді. Атап айтқанда, осы саладағы жобаларды іске асыру үшін инвесторларға халықаралық және республикалық маңызы бар су айдындарының учаскелері конкурс өткізбей-ақ беріледі. Бұл жобаларды жүзеге асыруды едәуір жеделдетіп, инвестициялық тартымдылықты арттыруға жол ашады.

-Қазіргі уақытта акваөсіру саласында жалпы құны 60 млрд теңгені құрайтын 40-тан астам инвестициялық жоба қолға алынды. Ең маңызды жобалардың бірі – «Organic Fish» серіктестігінің норвегиялық технологияларды пайдалана отырып, Каспий теңізінде теңіз форелін торлы қоршауларда өсіру жобасы. Жобаның өндірістік қуаты жылына 5 мың тонна өнім, – деді Серік Сермағамбетов.

Саланы одан әрі дамытуда халықаралық ынтымақтастықтың маңызы зор. Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен (FAO) бірлесіп, заманауи технологияларды енгізу, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру және білікті кадрларды даярлау бағытында жұмыстар жүргізіліп келеді.

Балық өнімдерін өңдеу саласы да оң нәтижелер көрсетіп отыр. Елімізде 73 балық өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді, олардың 18-і Жайық-Каспий бассейнінде орналасқан. Салада 3 мыңнан астам адам еңбек етеді, ал отандық 20 кәсіпорын өз өнімдерін Еуропалық одақ нарығына экспорттауға құқылы.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша балық өнімдері нарығының көлемі 15%-ға өсіп, 108,9 мың тоннаға жетті. Қазақстан балық өнімдерін Еуропалық одақ елдері, Қытай және Ресей сияқты мемлекеттерді қоса алғанда, әлемнің 21 еліне экспорттайды. Экспорттың жалпы көлемі 21,1 мың тоннаны құрады.

Форум қатысушылары су биоресурстарын сақтау және заңсыз балық аулауға қарсы күрес мәселелеріне де ерекше назар аударды. Жыл сайын Жайық-Каспий бассейнінің акваториясында бекіре тұқымдас балықтардың уылдырық шашу кезеңінде браконьерліктің жолын кесуге бағытталған кең ауқымды «Бекіре» табиғат қорғау акциясы өткізіледі.

Бақылаудың қосымша құралы ретінде 2025 жылдың төртінші тоқсанында енгізілген «E-fish» қадағалау жүйесі тиімділігін көрсетті. Оның көмегімен 2 мың тоннаға жуық балық өнімінің заңсыз айналымына тосқауыл қойылды.

Министрлік ғылыми ұйымдармен және халықаралық серіктестермен бірлесіп, бекіре тұқымдас балықтар мен каспий итбалығының популяциясын зерттеу және сақтау жөніндегі ұзақ мерзімді бағдарламаларды іске асыруды жалғастырады.

Ұқсас материалдар