Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстан 500 мемлекеттік компанияны нарыққа шығаруға кірісті

Қазақстан 500 мемлекеттік компанияны нарыққа шығаруға кірісті

Қазақстан үкіметі экономикадағы мемлекеттік қатысуды айтарлықтай қысқартуға кірісті.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша, құны 2 трлн теңгеден асатын 500 компанияның тізімі жасалып, оларды жекешелендіру, IPO/SPO арқылы биржаға шығару немесе қысқарту ұсынылып отыр.

Қазіргі уақытта мемлекет балабақша мен ауруханадан бастап, ірі ұлттық холдингтерге дейін шамамен 6 мың компанияның қызметіне қатысады. Сарапшылардың пікірінше, мұндай үлестің көп болуы бәсекелестікті әлсіретіп, жеке бизнестің дамуын тежейді. Сонымен қатар көптеген мемлекеттік кәсіпорындар тиімді жұмыс істемей, бюджетке салмақ түсіреді.

Үкіметтің мәліметінше, жекешелендіру процесі қазірдің өзінде жүріп жатыр: 922 млрд теңге көлеміндегі 396 нысан бәсекелес ортаға берілген, ал 69 кәсіпорын таратылған немесе қайта ұйымдастырылған. Бұған дейін «ҚазМұнайГаз», KEGOC және Air Astana секілді ірі компаниялар IPO арқылы биржаға шыққан болатын.

Жаңа тізімге енген 500 компания отын-энергетика, өнеркәсіп, агроөнеркәсіп, транспорт, байланыс және қаржы секторын қамтиды. «Самұрық-Қазына» қоры да бірқатар активтерін IPO-ға шығару мәселесін қарастыруда. Олардың қатарында – «Қазақтелеком», Kcell және Qazaq Green Power.

Жекешелендіру және рынокқа шығару шаралары 2026-2030 жылдар аралығында үш кезеңмен жүзеге асырылады. Сонымен қатар 2026 жылдың соңына дейін квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий енгізілген. Депутаттық сауалға жауапта премьер-министр демонополизацияны жеделдетуге бағытталған алтыншы антимонополиялық топтаманың Мәжіліске енгізілгенін атап өтті.

Үкіметтің пікірінше, бұл қадамдар бірнеше маңызды міндетті шешуге көмектеседі:

  • экономикадағы мемлекеттік монополия үлесін азайту;
  • активтерді тиімді басқару;
  • IPO/SPO арқылы қосымша инвестиция тарту;
  • бәсекелестікті күшейтіп, қызмет сапасын арттыру.

Ұқсас материалдар