Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстан авиациялық қауіпсіздік бойынша әлемдік ТОП-20 қатарына енді

Қазақстан авиациялық қауіпсіздік бойынша әлемдік ТОП-20 қатарына енді

Қазақстан азаматтық авиация саласында халықаралық деңгейдегі маңызды жетістікке қол жеткізді.

Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ICAO) бағалауы бойынша еліміз авиациялық қауіпсіздік көрсеткіштері жөнінен әлемнің үздік 20 мемлекетінің қатарына енді.

Бұл жетістік ICAO Global Implementation Support Symposium 2026 аясында өткен кездесулер барысында ресми түрде жарияланды. Жиын барысында ICAO Кеңесінің президенті Тошиюки Онума мен Қазақстан Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева авиация саласындағы өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Ресми деректерге сәйкес, соңғы жылдары Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік көрсеткіші 62%-дан 95,7%-ға дейін өскен. Ал ұшу қауіпсіздігі 2009 жылғы 47%-дан 2025 жылы 82%-ға жетіп, әлемдік орташа деңгейден айтарлықтай жоғары нәтиже көрсеткен.

ICAO өкілдері Қазақстанның бұл бағыттағы жүйелі жұмысын жоғары бағалады. Ұйымның EUR/NAT бюросының өңірлік директоры Николас Ралло еліміздің тәжірибесі бүгінде өзге мемлекеттер үшін үлгі бола бастағанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан бұрын халықаралық қолдауға сүйенсе, қазір керісінше, өз тәжірибесімен бөлісетін деңгейге жеткен.

Өз кезегінде Салтанат Томпиева саладағы оң өзгерістерді нақты көрсеткіштермен негіздеді. Оның айтуынша, 2025 жылы жолаушылар ағыны пандемияға дейінгі деңгеймен салыстырғанда 80%-ға артқан. Бұл авиациялық инфрақұрылым мен қауіпсіздік жүйелерінің тиімді дамып келе жатқанын көрсетеді.

Сондай-ақ Қазақстанның Чикаго конвенциясы аясындағы бірқатар түзетулерді ратификациялауы елдің халықаралық авиациялық басқару жүйесіндегі рөлін күшейте түсті. Бұл қадам алдағы уақытта Қазақстанның ICAO Кеңесіне мүше болуына мүмкіндік береді.

Мамандардың пікірінше, бұл жетістік – тек статистикалық көрсеткіш қана емес, елдің көлік-логистикалық әлеуетінің артып келе жатқанын білдіретін маңызды индикатор. Сонымен қатар, Астанада халықаралық стандарттарға сай авиациялық оқу орталығын ашу және тәуелсіз авиациялық оқиғаларды тергеу органын құру жоспарлары да саланың жаңа кезеңге аяқ басқанын аңғартады.

Айта кетейік, Қазақстанда 2026 жылдың 20-22 қазанында өтетін ICAO Security Week 2026 халықаралық симпозиумы өңірдегі авиациялық қауіпсіздік мәселелерін талқылайтын ең ірі алаңдардың біріне айналмақ.

Ұқсас материалдар