Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстан экономикасына 40 трлн теңгеге дейін инвестиция құйылуы мүмкін

Қазақстан экономикасына 40 трлн теңгеге дейін инвестиция құйылуы мүмкін

Қазақстан экономикасына алдағы бес жылда 40 трлн теңгеге дейін инвестиция тартылуы мүмкін.

Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов Сенаттағы Үкімет сағатында мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2029 жылға қарай Қазақстанда инвестиция көлемін жалпы ішкі өнімнің 23 пайызына дейін жеткізу жоспарланып отыр. Қазіргі деңгей сақталған жағдайда, 2026–2029 жылдары экономикаға шамамен 240 млрд доллар инвестиция құйылады. Алайда мақсатты көрсеткішке жету үшін қосымша 85 млрд доллар қажет.

Вице-министрдің сөзінше, бұл міндетті жүзеге асыруда негізгі рөлді «Бәйтерек» холдингі атқарады. Осы мақсатта даму институттарын жыл сайын 1 трлн теңгеге капиталдандыру ұсынылған.

– Мемлекет бөлген әрбір 1 трлн теңге «Бәйтерекке» нарықтан қосымша 7 трлн теңге тартуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде холдинг экономикаға жыл сайын шамамен 8 трлн теңге бағыттай алады, – деді Арман Қасенов.

Оның мәліметінше, қазіргі уақытта «Бәйтерек» холдингінің инвестициялық қоржынында жалпы құны 18 трлн теңгеден асатын жобалар бар. Алдағы уақытта жаңа жобалар есебінен бұл көлем ұлғая түсуі мүмкін.

Үкімет инвестицияларды ең алдымен өңдеу өнеркәсібі, инфрақұрылым, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және технологиялық секторларға бағыттауды көздеп отыр.

Айта кетейік, 2026 жылдың алғашқы төрт айында Қазақстан экономикасы 3,6%-ға өсті. Ал өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 9,9%-ға жетті. Сарапшылар мұны экономиканың біртіндеп өндірістік модельге ауыса бастағанының белгісі ретінде бағалап отыр.

Ұқсас материалдар