Қазақстан Газа секторын қалпына келтіруге бағытталған халықаралық бастамаларға қатысуға дайын екенін мәлімдеді.
Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық кездесу барысында айтты. Оның сөзінше, Қазақстан беделді халықаралық компанияларды тарта отырып, өңірдегі инфрақұрылымды дамытуға, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салуға қолдау көрсетуге ниетті.
Сонымен қатар әлемдегі ірі бидай өндіруші елдердің бірі ретінде Қазақстан Газа мен оған жақын аумақтардағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін гуманитарлық көмек беруге дайын екенін жеткізді. Мемлекет басшысы палестиналық жастарды қолдау мақсатында алдағы бес жылда отандық университеттерде оқу үшін 500-ден астам білім грантын бөлу жоспары бар екенін де атап өтті.
Президенттің айтуынша, Таяу Шығыста тұрақты даму үшін аймақта бейбітшілік, ынтымақтастық және өзара сенімді нығайтатын жаңа тәсілдер қажет. Осы ұстаным аясында Қазақстан Ибраһим келісімдеріне қосылу жөнінде шешім қабылдағанын мәлімдеді. Бұл қадам аймақтағы және одан тыс жерлердегі экономикалық әрі гуманитарлық ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған.
Кездесу барысында Дональд Трамп атындағы арнайы награда тағайындау ұсынысы да айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастама бейбітшілікті ілгерілету жолындағы жетістіктерді атап өтуге арналғанын атап өтті.
Өз кезегінде Дональд Трамп Газадағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге және қалпына келтіру жұмыстарына үлес қосып жатқан елдерге алғыс білдіріп, Қазақстанды әлеуеті жоғары әрі бай мемлекет ретінде сипаттады.





