Азық-түлік келісімшарт корпорациясының қолдауымен қазақстандық «Қапшағай бидай өнімдері» ЖШС Қытайға 7 мың тонна азықтық ұн жөнелтті.
Импорттаушы – қытайлық Shandong Hi-Speed Qilu International Port Development компаниясы.
Экспорт Бейжіңде өткен келіссөздер нәтижесінде жүзеге асты. Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің сапары кезінде Азық-түлік келісімшарт корпорациясы мен Shandong Hi-Speed Logistics Group стратегиялық ынтымақтастықты нығайту туралы келісім жасаған болатын. Тараптар дәнді, жемдік және майлы дақылдар жеткізілімін кеңейтуге уағдаласты.
2025 жылы астық өндірушілер мен қайта өңдеушілерге арналған мемлекеттік қолдау шаралары кеңейеді. Экспортты шоғырландыру бағдарламасы шеңберінде қазақстандық кәсіпорындар қытайлық серіктестермен жалпы құны 29,6 млн доллар болатын бес келісімшартқа қол қойды. Соның нәтижесінде Қытайға 9 мың тонна жемдік ұн және 3 мың тонна күнбағыс майы жіберілді.
Бейжіңдегі Азық-түлік келісімшарт корпорациясының өкілдігі Қазақстан кәсіпорындарының Қытай нарығына шығуына және жаңа серіктестер табуына белсенді көмектесіп отыр.
Бұл шаралар Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің терең қайта өңдеу үлесін 70%-ға жеткізу және дайын өнім экспортын ұлғайту жөніндегі тапсырмаларына сай жүзеге асуда.





