Қазақстандық май өңдеу кәсіпорындары Қытай нарығындағы үлесін ұлғайтып келеді.
Бұл туралы Chinese Grains & Oils Congress 2026 халықаралық конференциясында Ядыкар Ибрагимов мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2025 жылы Қазақстанның май-тоңмай өнімдерінің Қытай нарығына экспорты 44%-ға өсіп, 440 мың тоннаға жетті. Экспорттан түскен табыс 37%-ға артып, 312 млн долларды құрады. Сонымен қатар Қазақстан Қытайға күнбағыс майын жеткізу бойынша 36% үлеспен екінші орынға шыққан.
Экспорт көлемінің өсуіне логистиканы жетілдіру әсер еткен. Майлы дақылдарды қайта өңдеушілер ұлттық қауымдастығы мен Қазақстан темір жолы 2024 жылдан бастап Достық-Алашанькоу шекаралық өткелі арқылы өсімдік майын қайта тиеу бойынша пилоттық жобаны іске асырды.
Нәтижесінде Қытай бағыты бойынша жөнелту жоспарының орындалуы 90%-дан асты. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш небәрі 40% болған. Сонымен қатар тараптар күнбағыс шротын Қытайға экспорттаудың жаңа пилоттық жобасын іске қосты.





