Қазақстан әлемдегі экономикасы ең ірі 50 елдің тізіміне кірді. Бұл – Орталық Азия өңірі бойынша осындай көрсеткішке қол жеткізген жалғыз мемлекет.
Сонымен қатар еліміз орташа жылдық нақты жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) өсімі бойынша да алғашқы бестікке енді.
Бұл деректер 5 қаңтарда Visual Capitalist порталы жариялаған Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) мәліметтеріне негізделген. Рейтингте 2000–2025 жылдар аралығындағы кезеңдегі елдердің ЖІӨ көлемі мен орташа жылдық нақты өсім қарқыны сараланған.
Тізімде экономикасы 30,6 трлн доллар деп бағаланған АҚШ көш бастап тұр. Одан кейінгі орындарда Қытай, Германия, Жапония және Үндістан орналасқан.
Сарапшылардың айтуынша, АҚШ әлемдік экономикалық көшбасшы мәртебесін сақтағанымен, көптеген елдер, соның ішінде Қазақстан да, өсу қарқыны жағынан оны басып озған. Мәселен, соңғы 25 жылда АҚШ-та нақты ЖІӨ-нің орташа жылдық өсімі 2,1% болса, Қытайда бұл көрсеткіш шамамен 8%-ды құраған.
Ал Қазақстан 2000-2025 жылдар аралығында Қытай, Үндістан, Вьетнам және Бангладешпен бірге нақты ЖІӨ-нің орташа жылдық өсімі 5,6% болған алғашқы бес елдің қатарынан көрінді.





