Қазақстан мен Франция атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастықты кеңейтпек
Қазақстан мен Франция атом энергетикасы саласындағы серіктестікті жаңа деңгейге шығаруға ниетті.
Бұл мәселе Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы мен Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге арасындағы кездесуде талқыланды.
Кездесу барысында тараптар атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын қарастырды. Сонымен қатар ұлттық атом өнеркәсібі үшін білікті кадрлар даярлау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Тараптар биыл 23 сәуірде Қазақстан Президенті мен Бернар Фонтана арасында өткен кездесудің маңызын атап өтті. Бұл диалог Қазақстан мен Францияның атом энергетикасы бағытындағы әріптестікті тереңдетуге мүдделі екенін көрсеткен маңызды қадам ретінде бағаланды.
Кездесу барысында Қазақстанның атом электр станциясын салу жобасын жүзеге асыру кезінде француздың EDF компаниясы мен басқа да француз кәсіпорындарын әлеуетті серіктес ретінде қарастырып отырғаны айтылды.
Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – кадр даярлау. Осы орайда мамыр айының соңында Ядролық физика институты базасында Францияның Лауэ–Ланжевен институты қатысуымен өткен халықаралық воркшоптың нәтижелері жоғары бағаланды. Іс-шара зерттеу реакторлары мен заманауи нейтрондық технологияларға арналды.
Сондай-ақ Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен International Institute of Nuclear Energy (I2EN) арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғаны атап өтілді.
Құжат атом саласына қажетті мамандар даярлау, білім беру бағдарламаларын жетілдіру, тәжірибе алмасу және Қазақстанның ядролық энергетика саласын тұрақты кадрлық қамтамасыз ету жүйесін қалыптастыруға бағытталған.
Тараптардың пікірінше, қол жеткізілген келісімдер Қазақстан мен Франция арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты нығайтып, атом энергетикасы үшін жаңа буын мамандарын даярлауға және саланың ұзақ мерзімді дамуына серпін береді.





