Қазақстан мен Германия сауда-инвестициялық ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруға ниетті.
Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің Германия СІМ-нің Саяси директоры Доминик Муттермен кездесуінде айтылды.
Келіссөз барысында Германия Қазақстанның Еуропалық одақтағы негізгі стратегиялық әріптестерінің бірі екені атап өтілді. 2025 жылдың қаңтар-қараша айларында екі ел арасындағы тауар айналымы $3,9 млрд болды.
Тараптар сауданы әртараптандыруға, жаңа технологиялар трансферін кеңейтуге, сондай-ақ «жасыл» энергетика, сутегі және өнеркәсіпті жаңғырту бағытындағы бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі.
Қазіргі таңда Германия компанияларының қатысуымен Қазақстанда €49,7 млрд көлемінде 36 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Кездесу қорытындысында тараптар экономикалық диалогты әрі қарай тереңдетуге уағдаласты.





