Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстан мен Пәкістан тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізбек

Қазақстан мен Пәкістан тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізбек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шарифпен келіссөз қорытындысы бойынша БАҚ алдында мәлімдеме жасап, екі ел стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларацияға қол қойғанын айтты.

Президенттің мәліметінше, былтыр Қазақстан мен Пәкістан арасындағы сауда көлемі екі есеге артқан. Тараптар алдағы жылдары тауар айналымын 1 миллиард долларға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл бағытта көлік-логистика жобаларына ерекше мән берілмек.

Келіссөздер барысында Карачи мен Гвадар порттарының мүмкіндіктерін пайдалану, Транскаспий көлік дәлізін дамыту, сондай-ақ Қазақстан – Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан теміржол бағытының перспективалары талқыланды. Екі ел арасында тікелей әуе қатынасын қайта жандандыру мәселесі де күн тәртібінде.

Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп, фармацевтика және құрылыс материалдары өндірісі салаларында бірлескен жобаларға қызығушылық бар екенін атап өтті. Сонымен қатар Пәкістан компанияларын Қазақстанда өндіріс ашуға шақырды.

Тараптар қорғаныс өнеркәсібі, қауіпсіздік, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және исламдық қаржыландыру бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаласты. Инвестициялық әріптестік аясында «Самұрық-Қазына» қоры мен Пәкістанның «Fauji Foundation» ұйымы бірлескен инвестициялық платформа құру туралы келісімге келді.

Президент екі ел арасындағы серіктестік барлық бағытта нығая беретініне сенім білдірді.

Ұқсас материалдар