Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстан мен Ресей Қытайға мұнай жеткізуді ұлғайтуға келісті

Қазақстан мен Ресей Қытайға мұнай жеткізуді ұлғайтуға келісті

Қазақстан мен Ресей Ресей мұнайын Қытайға жеткізу көлемін арттыру жөніндегі негіздемелік келісімге қол қойды.

Бұл туралы Қазақстанның Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, қол қойылған құжат әзірге мұнай жеткізу көлемін ұлғайту бойынша алдағы жұмыстың негізгі қағидаттарын айқындайтын шеңберлік келісім болып табылады.

«Бұл әзірге 2,5 миллион тонна ресейлік мұнай жеткізу көлемін арттыруға қатысты жұмысты жалғастырудың негізі мен қағидаттары ғана. Яғни түпкілікті келісім әлі жасалған жоқ, бірақ базалық құжатқа қол қойылды», – деді Ерлан Ақкенженов.

Осылайша, әңгіме нақты коммерциялық келісімшарт туралы емес, болашақ келіссөздер мен жеткізу шарттарын келісуге негіз болатын құжат жайында болып отыр.

Соңғы уақытта Қазақстан мен Ресей арасындағы энергетикалық ынтымақтастық қарқын алып келеді. Бұған дейін, өткен жылдың қазан айында, «Газпром» мен Қазақстан билігі жаңа магистральдық газ құбырын салу жобасын іске асыру жөніндегі меморандумға қол қойған болатын. Тараптар Қазақстандағы табиғи газға сұраныстың өсуін ескере отырып, ұзақмерзімді әріптестікті дамытуға ниетті екенін мәлімдеген.

Сонымен қатар Қазақстан газын Ресейде ұзақ мерзімді өңдеудің негізгі шарттары туралы келісім де жасалған еді.

Сарапшылардың пікірінше, мұнай жөніндегі жаңа уағдаластықтар екі ел арасындағы энергетикалық әріптестікті кеңейтіп қана қоймай, Қазақстанның өңірлік транзиттік бағыттардағы маңызын арттыруы мүмкін.

Айта кетейік, 2023 жылғы үкіметаралық келісімге сәйкес, «Роснефть» компаниясы жыл сайын Қытайға Атасу – Алашанькоу мұнай құбыры арқылы 10 миллион тонна мұнай жеткізіп келеді.

Ұқсас материалдар