Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Вьетнам Социалистік Республикасы Премьер-министрінің тұрақты орынбасары Нгуен Хоа Бинмен кездесті.
Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. Келіссөз барысында тараптар екі ел арасындағы саяси диалогтың 30 жылдан астам уақыт бойы тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті. Серік Жұманғарин Қазақстан мен Вьетнам сауда, инвестиция, көлік-логистика, агроөнеркәсіп кешені және ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге ниетті екенін айтты. Қазақстан 2026 жылға қарай өзара тауар айналымын екі есе арттыруды көздейді және осы жылдың ортасында Вьетнамға сауда-экономикалық миссия жібермек.
Кездесуде Қазақстанның Вьетнамға сегіз жылда алғаш рет 15 мың тоннадан астам бидай экспорттағаны айтылды. 2025 жылы мультимодальды логистика арқылы қазақстандық астықтың алғашқы тікелей аралас жеткізілімі жүзеге асырылып, бұл тасымал мерзімі мен шығынды айтарлықтай қысқартқан.
Тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағытын («Орта дәліз») дамытуға ерекше назар аударды. Аталған бағыт жүк жеткізу уақытын Оңтүстік теңіз маршрутымен салыстырғанда 3-4 есе қысқартуға мүмкіндік береді. Қазақстан вьетнамдық әріптестерді осы дәліздің инфрақұрылымын белсенді пайдалануға шақырды.
Сонымен қатар 2026 жылы Ханой – Алматы – Прага бағыты бойынша VietJet Air тұрақты рейсін іске қосу жоспарланып отыр. Астана – Ханой арасында тікелей әуе қатынасын ашу және Алматы – Хошимин рейсін қалпына келтіру мүмкіндігі де талқыланды.
Кездесу қорытындысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның кезекті отырысын биыл маусым–шілде айларында өткізуге және Қазақстан-Вьетнам іскерлік кеңесін құру туралы меморандумға қол қоюға уағдаласты.





