
Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Ламмен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Ақорданың хабарлауынша, Тоқаев Вьетнам делегациясына ілтипат білдіре отырып, бұл сапар екі ел арасындағы байланыстарды нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Сондай-ақ Вьетнамның 2040 жылға дейін әлемдегі ең ірі 25 экономиканың қатарына кіруді көздейтін стратегиялық мақсатын қолдап, Қазақстан тарапы осы өршіл міндетті орындау ісіне жан-жақты атсалысуға дайын екенін жеткізді.
«Қазір Қазақстан мен Вьетнам арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Біз аз уақыт ішінде бірқатар ірі жобаны жүзеге асырдық. Алдағы уақытта да өзара тиімді байланыстарымызды кеңейтуге толық негіз бар. Сіздің осы тарихи сапарыңыз және соның аясында қол қойылатын құжаттар қазақ-вьетнам қатынастарын одан әрі күшейтуге тың серпін береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келіссөз барысында өзара сауда-саттық көлемін ұлғайту мәселесі ерекше талқыланды. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 860 миллион долларға жеткен.
«Тараптар таяу жылдары бұл көрсеткішті 2 миллиард долларға жеткізуге ниетті», – деп хабарлайды Ақорда.