
Сауда және интеграция министрлігі Қазақстан көмірін Ресей арқылы Еуропаға қайта тасымалдау туралы келісімге қол жеткізілгенін мәлімдеді.
Бұл келісім Қазақстан көмірін ЕО-ға жеткізуді қалпына келтіруге, сондай-ақ логистикалық маршруттардың тұрақтылығын нығайтуға септігін тигізбек.
Сауда министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың ақпанында Еуропалық одақ санкциялардың 16-пакеті аясында Ресей порттарымен кез келген келісімге тыйым салған еді. Бұл шара Қазақстан көмірін Еуропа елдеріне тұрақты экспорттауға айтарлықтай қауіп төндірді. Себебі Ресейдің Усть-Луга порты әуелден Қазақстан көмірін Еуропаға жеткізетін негізгі транзит нүктесі ретінде пайдаланылып келген.
"Қалыптасқан жағдайды реттеу мақсатында Қазақстан Республикасының сауда және интеграция министрлігі Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрлігімен және Қазақстан Республикасының Еуропалық одақ жанындағы тұрақты өкілдігімен бірлесіп, еуропалық тараппен түрлі деңгейдегі консультациялар жүргізді. Еуропалық комиссияның атына ЕО санкциялық режиміне тиісті өзгерістер енгізу туралы ресми өтініш жіберілді. Келіссөздер нәтижелі болды. ЕО-ның 18-пакет санкциялары аясында еуропалық тарап қазақстандық көмір транзиті үшін белгілі бір ресейлік порттармен келісімге шектеуді алып тастады", – делінген сауда министрлігі таратқан хабарламада.
Ол үшін мынандай шарттар сақталуы қажет:
– көмірдің шығу тегі тек Қазақстан Республикасы болуы керек;
– жүкке меншік құқығы санкциялық шектеу шаралары қолданылатын елдердің резиденттерінде болмауы керек;
– порттарды тек транзит, тиеу немесе жөнелту аумағы ретінде пайдалануға болады, яғни оның аумағында тауарды сатып алу немесе өндіруге болмайды.
"Көрсеткіштердің уақытша төмендеуіне қарамастан, қабылданған шаралар Қазақстан көмірін ЕО-ға жеткізуді қалпына келтіруге, сондай-ақ логистикалық маршруттардың тұрақтылығын нығайтуға септігін тигізеді", – делінген хабарламада.
2022 жылы қазақстандық көмірдің ЕО-ға экспортының көлемі 4.4 млн тонна, ал құны 419.2 млн доллар болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 5,2 млн тоннаға жеткен (312,5 млн доллар). 2025 жылғы қаңтар - мамыр айларында экспорт 82,9 млн долларға 1,6 млн тонна болған.