Қазақстанда мұнай өнімдері нарығын бақылау шаралары күшейтіліп жатыр.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен кеңесте жанар-жағармай саласындағы бақылау тетіктерін жетілдіру және жұмыс тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Роман Склярдың айтуынша, ішкі нарық қажетті жанармай көлемімен толық қамтамасыз етілген, ал мұнай өңдеу зауыттары мен логистика қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.
Сонымен бірге көрші елдердегі жанармай бағасының айырмашылығына байланысты Қазақстаннан жанар-жағармайдың заңсыз шығарылуына қарсы күрес жалғасады. Тиісті мемлекеттік органдарға профилактикалық және бақылау шараларын жоспарлы түрде жүргізу тапсырылды.
Үкімет шекара қызметі, кеден және құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге басымдық берді. Бұл нарықтағы заң бұзушылықтардың алдын алуға және ақпарат алмасуды жеделдетуге мүмкіндік береді.
Энергетика министрлігіне саланы цифрландыру жұмыстарын жалғастыру міндеттелді. Мұнай базаларын есепке алу құрылғыларымен қамтамасыз ету және деректерді нақты уақыт режимінде беру – негізгі бағыттардың бірі. Сондай-ақ заңнамаға енгізілетін өзгерістер мұнай өнімдерін есепке алудың бірыңғай стандарттарын бекітуді көздейді.
Роман Скляр Үкімет жанармай нарығының ашықтығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ ішкі сұранысты уақытылы жабуға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда қатаң шаралар қолданылатыны ескертілді.
Кеңес соңында Премьер-министрдің бірінші орынбасары жанармай нарығының тұрақтылығы мен елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты міндет болып қала беретінін айтты. Мемлекеттік органдар МӨЗ-ден бастап соңғы тұтынушыға дейін жанармай қозғалысын толық бақылауда ұстайды.





