Астана мен Токио Жапонияға жылқы және жылқы етінен жасалған өнімдерді экспорттау жөнінде келісімге келді. Бұл туралы Kazakh Invest хабарлады.
"Zhabyak" ЖШС мен жапондық Senko Farm компаниясы Қазақстаннан Жапония нарығына жылқы және жылқы етінен жасалған өнімдердің экспортын дамытуға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат тұрақты жеткізілімдерді жолға қоюды, сондай-ақ экспорттық операцияларға қатысты ұйымдастырушылық және логистикалық мәселелерді үйлестіруді көздейді», – деп мәлімдеді Kazakh Invest.
Атап өтілгендей, жоба жоғары қосылған құны бар өнімдерді жеткізуге бағытталған және жапон нарығының қатаң ветеринариялық және санитариялық талаптарына толық сәйкес келеді.
«Келісім аясында тараптар сапа, қадағаланушылық және сертификаттау стандарттарын сақтай отырып, қазақстандық өнімді Жапония нарығына кезең-кезеңімен шығаруды қамтамасыз етуді жоспарлап отыр», – делінген хабарламада.
Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, қаңтар–қараша айларында республикада 146,8 мың тонна жылқы еті өндірілді. Жылқы саны 6,9%-ға өсіп, 4,4 млн басқа жетті, ал құлын саны 1 млн басты құрады.
Senko Farm – Жапонияның Кумамото префектурасында орналасқан, шикі жылқы етінен жасалған өнімдерді өндіру және сатумен айналысатын компания.