Қазақстанда 2025 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ет өндірісі 1,2 млн тоннаны құрады.
Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,7%-ға жоғары. Мұндай деректер Ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан ақпаратта келтірілген.
Министрліктің мәліметінше, мал шаруашылығы соңғы жылдары қарқынды дамып, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 40%-ын қалыптастырып отыр. Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде саладағы жалпы өнім көлемі 3,3%-ға өсіп, 3,8 трлн теңгеге жеткен.
2025 жылы ірі қара мал саны 8,2 млн басқа (+2,4%), қой мен ешкі 20,6 млн басқа (+1,6%), жылқы 4,6 млн басқа (+5,6%), түйе 294 мың басқа (+4,8%), ал құс саны 48,6 млн басқа (+6,9%) дейін артты.
Сиыр сүтін өндіру көлемі 5%-ға өсіп, 3,8 млн тоннаға жетсе, тауық жұмыртқасы өндірісі 4,6 млрд дананы құрады (+2,4%). Қазіргі таңда ел ішкі нарықты сиыр, қой, жылқы етімен және тағамдық жұмыртқамен толық қамтамасыз етіп отыр.
Экспорт көлемі де айтарлықтай артқан. 2025 жылдың 11 айында ет экспорты 24,8%-ға өсіп, 91,3 мың тоннаға жетті. Оның ішінде сиыр еті экспорты 59,1%-ға (31,3 мың тонна), қой еті 92,8%-ға (29,4 мың тонна) ұлғайған.
Министрлік алдағы жылдары мал шаруашылығын дамыту шаралары жалғасатынын атап өтті. 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарға сәйкес, 2030 жылға қарай ет өндірісін 1,8 млн тоннаға, ал ет экспортын 165 мың тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр.





