Қазақстанда айлық ең төменгі жалақы мөлшерін, азаматтық қызметшілер мен жалдамалы жұмыскерлердің табысын арттыру мәселесі қаралатын болады.
Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, халықтың нақты табысын арттыру Үкімет қызметінің негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді. Осы мақсатта Үкімет Ұлттық банкпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп 2026–2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру бағдарламасын жүзеге асырып жатыр.
Сонымен қатар биыл халықтың табысын арттыруға бағытталған жеке бағдарлама қабылданған. Онда жалақыны кезең-кезеңімен көтеру, сапалы жұмыс орындарын ашу, халықтың борыштық жүктемесін азайту және кәсіпкерлікті қолдау шаралары көзделген.
Серік Жұманғариннің сөзінше, бағдарламаны іске асыру барысында айлық ең төменгі жалақы мөлшерін ұлғайту, азаматтық қызметшілердің еңбекақысын және жалдамалы жұмыскерлердің табысын арттыру мәселесі қаралады. Сонымен қатар халықтың кредиттік жүктемесін төмендету мен тұтынушылық несиелеудің шамадан тыс өсуін тежеуге ерекше назар аударылады.
Министрдің мәліметінше, Үкімет халықтың нақты табысының жыл сайынғы өсімін 2–3 пайыздан жоғары деңгейде қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр. Бұл міндет экономиканың сапалы өсімін қамтамасыз ету және инфляцияны төмендету арқылы жүзеге асырылмақ.
Серік Жұманғарин сыртқы экономикалық ахуалдың күрделенуіне қарамастан, Қазақстан экономикасы оң динамиканы сақтап отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, 2025 жылдың қорытындысында елдің жалпы ішкі өнімі 6,5 пайызға өсті. Ал биылғы қаңтар–мамыр айларында экономикалық өсім 3,7 пайызды құрады. Мұнай өндіру саласын есепке алмағанда бұл көрсеткіш 5 пайыздан асқан.





